Қазақстанда қоғамдық орындарда бет-әлпетті жабатын киім киюге ресми тыйым салынды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті заңға қол қойды. Мұндай киімдерді киюге енді ресми түрде тыйым салынады.
Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін жетілдіру, құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік органдардың, азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін және әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету және әлеуметтік қорғау, сондай-ақ ішкі істер органдарының қызметі саласында артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының заңына қол қойды
"Қазақстан Республикасы заңдарының, қызметтік (лауазымдық, еңбек) міндеттерінің талаптарын орындау үшін, медициналық мақсатта, азаматтық қорғау үшін, ауа райы жағдайларында, сондай-ақ, спорттық, спорттық-бұқаралық іс-шараларға тікелей қатысатын адамдар үшін қажет болған жағдайларды қоспағанда, бетті тануға кедергі келтіретін киім-кешекті қоғамдық орындарда киюге тыйым салынады", — деп жазылған заң мәтінінде.
Еске салайық, бет-жүзді жабатын киімге тыйым салу туралы ұсыныс маусымның басында Сенаттағы жұмыс тобының отырысында көтерілген болатын.
Кейінірек ішкі істер министрі Ержан Сәденов қоғамдық орындарда бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім-кешек киюге тыйым салу туралы бастамаға пікір білдірді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!