Current Date: 04-07-2025

Қазақстан жоқшылық деңгейі нөлге жақын елдердің қатарында

Шектен тыс кедейлік — адамның күніне 2,15 доллардан аз қаражатқа өмір сүруі ретінде айқындалады.

Қазақстан жоқшылық деңгейі нөлге жақын елдердің қатарында. Бұл қаншалықты рас? Сaravan.kz медиа порталы анықтап көреді.

Our World in Data платформасының жаңартылған деректеріне сәйкес, Қазақстан әлемдегі ең төменгі деңгейдегі шектен тыс кедейшілік көрсеткішіне ие елдердің бірі. Ел халқының 0,02%-ы күніне 2,15 доллардан аз қаражатқа өмір сүреді. Мұндай көрсеткіштермен еліміз Албания, Финляндия және Тонга сияқты елдер қатарына қосылды. Аталған елдерде де шектен тыс кедейшілік деңгейі ең төмен деп тіркелген, деп жазды Finprom.kz.

Одан да жақсы статистика Кипр, Ресей және Таиландта тіркелген. Аталмыш елдерде шектен тыс кедейлік деңгейі бар болғаны 0,01%. Алайда, бұл көрсеткіштер ресми есепке негізделгенін ескеру қажет, ал ол кейбір әлеуметтік топтарды қамтымауы мүмкін.

ТМД елдері арасында Украинада да (0,03%) шектен тыс кедейлік деңгейі төмен. Ал Өзбекстанда — 2,25%, Арменияда — 0,78%, Қырғызстанда — 0,31% деңгейінде, яғни біршама жоғары.

Салыстырар болсақ, әлем бойынша ең нашар көрсеткіштер Конго Демократиялық Республикасында шамамен 79% халқы шектен тыс кедейлікте өмір сүреді, Мозамбикте (74,5%), Малавиде (70%) және басқа да бірқатар африкалық елдерде тіркелген.

2024 жылдың қорытындысы бойынша, жаһандық шектен тыс кедейшілік деңгейі 8,55%-ды құрады. Бұл 1990 жылдан бері байқалып келе жатқан төмендеу үрдісінің жалғасып жатқанын көрсетеді. Ол кезде әлемде шектен тыс кедейлік көрсеткіші шамамен 38% болған еді.

Шектен тыс кедейлік — адамның күніне 2,15 доллардан аз қаражатқа өмір сүруі ретінде айқындалады.