Түркияның батысындағы Измир, Анталия және Ыстанбұл маңында орман өрті ырық бермей тұр. Өткен аптада басталған табиғи апаттан 2 адам көз жұмды. 50 мың тұрғын қауіпсіз аймаққа көшірілді. Лаулаған жалын 200-ге жуық тұрғын үй мен бірнеше ауылды күлге айналдырды.
Измир провинциясының бірнеше ауданында жағдай күрделі. Өрттің туристік аймақтарға таралу қаупі күшейіп, курорттық өңірлерге қатынайтын жолдар уақытша жабылған. Тілсіз жаумен күрес жалғасып жатыр. Оған жүздеген маман жұмылдырылып, ондаған арнайы техника қолданылып жатыр. Ұшақтар мен тікұшақтар пайдаланылып жатыр. Бірақ құрғақ ауа райы мен жел көп кедергі келтіріп тұр. Төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарға аса сақ болуды ескертіп жатыр.