Current Date: 11-09-2025

Қостанайда науқас хирургті соққыға жыққан: дәрігер жансақтауда жатыр

Қостанайда науқас хирургті соққыға жықты. Оқиға облыстық ауруханада болған, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Аурухана өкілдерінің айтуынша, облыс тұрғыны хирургті күтіп отырған. Сол сәтте дәрігер операцияда болған. Дәрігер оралған кезде ер адам кезегін күтуден бас тартып, оған жұдырықпен шабуыл жасаған. Хирург есінен танып қалған, ол ауыр хәлде жансақтау бөліміне жатқызылды.

"Полиция оқиға орнында тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Бұл жағдайды жай ғана оқиға емес, күн сайын адам өмірін құтқаратын адамдарға қарсы жасалған қылмыс деп санаймыз. Әділ тергеу жүргізуді талап етеміз және медицина қызметкерлеріне құрметпен қарауға шақырамыз", — делінген облыстық аурухананың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Полиция мәліметінше, бұл факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы 1-бөлігі — "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.

"Қазіргі уақытта бұл қылмысты жасады деген күдікпен 34 жастағы облыс тұрғыны ұсталды. Қажетті тергеу және тексеру шаралары жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижелері бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес процестік шешім қабылданады", — деп хабарлады Қостанай облыстық полиция департаменті.

Тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпарат жария етілмейді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget