Current Date: 14-03-2025

СҚО-да жолаушылар автобусы жолдан шығып кетті (видео)

Солтүстік Қазақстан облысындағы республикалық тас жолда жолаушылар автобусы жолдан шығып кетті. Автобуста 9 адам болған, ешкім зардап шекпеген, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ТЖМ Telegram-дағы ресми арнасының хабарлауынша, құтқарушылар жолдан шығып кеткен автобусты сүйреп шығарды.

Оқиға Николаевка ауылының маңында "Жезқазған — Петропавл" республикалық тас жолында болған.

"Автобуста 9 адам болды. ТЖМ және жергілікті атқарушы органдардың күштері оқу-жаттығуға бара жатқанда автобусты көріп, оны жолға сүйреп шығарды. Ешкім зардап шеккен жоқ және медициналық көмекке мұқтаж болмады", — делінген хабарламада.

Құтқарушылар жүргізушілерге жолда, әсіресе күрделі ауа-райы жағдайында сақ болу қажет екенін ескертеді.