Өзбекстанда құрылыс саласындағы кәсіпкерлер ағаш кесуге жарияланған мораторий алынып тасталсын, деген бастама көтерді. Себебі ғимарат салатын жер жоқ, дейді. Ал экологтар бұған жол бермейміз деп отыр. Керісінше, мұндай ұсыныс тастаған компанияларды тексеру керек, дейді.
Өзбекстанда 2022 жылдан бері ағаш кесуге шектеусіз мерзімге мораторий жарияланған. Бұл талапты бұзғандарға салынатын айыппұл мөлшері 5 есеге өскен. Алайда бұл құрылысшыларға ұнамайтын секілді. Жуырда кәсіпкерлердің бірі мораторийді алып тастауды ұсынды.
Мурад Назаров, құрылыс компаниясының басшысы:
Құрылыс алаңдарындағы ағаштардың мәселесін әркім өз бетінше реттеуге мәжбүр. Бұл көбіне жасыл желектің заңсыз жойылуына әкеп соқтырады. Демек, қолданыстағы шектеулер мәселені шешпейді. Керісінше, сыбайлас жемқорлыққа жол ашады.
Бұл ретте «ағаштар картасын» құру ұсынылды. Әрбір құрылыс компаниясы басқа бір аумақта көшеттер отырғызсын, кейін олар мемлекеттің балансына берілсін, бұл да инвестицияның бір түрі, — дейді кәсіпкерлер. Бірақ экологтар мұнымен мүлде келіспейді.
Базаркүл Отыншиева, тілші:
Мораторий кездейсоқ енгізілген жоқ. Осы шектеудің арқасында ағаштардың 98 пайызы сақталып қалды. Табиғат жанашырлары осылай дейді. Ағаш көшеттерін қайта отырғызу саясаты да сәтті болмағанын айтады, олардың кейбірі қурап қалған. Сондықтан әр ағаштың құндылығын ескеріп, шектеуді алып тастауға асықпаған жөн дейді.
Тұрғындардың да айтары бар. Көшеттер жыл сайын отырғызылып жатыр. Бірақ олар өскенше, жанға сая болар тал-дарақ керек. Жазы тым ұзақ әрі аптап ыстық болатын елде әрбір түп ағашты көздің қарашығындай сақтамасақ болмайды, дейді олар.
Мавлюда Мильяметова, Ташкент қаласының тұрғыны:
Ағаш бұл өмір ғой. Ыстықта адамдарға пана болады, ауаның тазалығына үлес қосады. Жасыл желекті көбейту керек, соңғы жылдары осы бағытта көптеген жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл бізді қуантады.
Лариса Тушева, мемлекеттік экологиялық зерттеу орталығының бас сарапшысы:
2030 жылға қарай жасыл желекті 30 пайызға көбейту жоспары бар. Биіктігі 12 метрден асатын ғимараттар, аумағы 500 шаршы метрден кем емес кәсіпорындар территориясының төрттен бір бөлігіне түрлі ағаштар мен өсімдіктер егуге міндеттелген. Ірі өндіріс ошақтары өз аумағынан бөлек жақын маңдағы бос жерлерге жасыл белдеу орнатуы тиіс.
Кәсіпкердің бастамасына экология министрлігі ресми жауап берді. Табиғат қорғаушы ұйымдар да мұндай ұсынысқа өре түрегелді. Олардың барлығының айтары біреу. Ағаш кесілмейді!
Базаркүл Отыншиева