Current Date: 01-08-2025

Қазақстан БҰҰ-ның Азық-түлік жүйелері жөніндегі 2-шолу саммитінде аграрлық бастамаларды таныстырды

2025 жылғы 27–29 шілде аралығында Аддис-Абеба қаласында БҰҰ-ның Азық-түлік жүйелері жөніндегі 2-шолу саммиті өтті.

Саммиттің мақсаты – елдердің азық-түлік жүйелерін трансформациялау бойынша қол жеткізген прогресті бағалау және орнықты әрі инклюзивті азық-түлік болашағына қол жеткізу жолдарын айқындау болды.

Қазақстан атынан саммитке Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков қатысты.

Іс-шара үкіметтер, халықаралық ұйымдар, ғылыми мекемелер мен жеке сектор өкілдері үшін азық-түлікке қолжетімділік құқығын қамтамасыз етуге бағытталған практикалық шешімдер әзірлеуге арналған маңызды диалог алаңына айналды.

Саммит аясында вице-министр шетелдік әріптестерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.

Эфиопияның Ауыл шаруашылығы министрі Гирма Аментемен кездесу барысында аграрлық саладағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды. Эфиопия тарапы, әсіресе бидай өнімділігін арттыруға қатысты Қазақстан тәжірибесін және тиісті технологияларды зерделеуге мүдделілік танытты.

Өз кезегінде Қазақстан аграрлық білім беру саласындағы серіктестікті — эфиопиялық мамандарды қазақстандық аграрлық жоғары оқу орындарында оқыту және олардың біліктілігін арттыруды ұсынды. Сондай-ақ жоғары сапалы эфиопиялық кофені Қазақстан нарығына жеткізу мәселесі қаралды.

Сонымен қатар Ербол Тасжүреков Сербия Республикасының Ауыл, орман және су шаруашылығы министрі Драган Гламочичпен кездесті. Тараптар агроөнімдермен өзара сауданы кеңейту, ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамыту және озық тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында ветеринария саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл құжат санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және жаңа экспорттық мүмкіндіктерді ашуға ықпал етпек.

Саммитке қатысу Қазақстанның ашық диалогқа, азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты орнықты шешімдерді ілгерілетуге және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін көрсетті.