Түркістан облысында экстремистік материалдарды таратып, діни алауыздықты қоздыруға тырысқан топ ұсталды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ IІМ-нің Polisia.kz ақпараттық медиа-порталына сілтеме жасап.
Басылымның хабарлауынша, экстремизмге қарсы іс-қимыл қызметкерлері Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, құрамында Мақтаарал ауданының тұрғындары бар радикалды діни топтың әрекетін тоқтатқан.
"Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктілердің бұл топқа радикалды діни көзқарастары бойынша біріккені анықталды. Олар әлеуметтік желілерде басқа діндегі азаматтардың қадір-қасиетін және діни сезімдерін қорлайтын сөздер жариялап отырған. Сот бұрын экстремистік деп таныған аудио және бейнематериалдарды халық арасында таратқан", — деді ІІМ өкілдері.
Күдіктілердің тұрғылықты жері мен жұмыс орындарын тінту барысында 20-дан астам діни әдебиет, есірткі құралдары, оқ-дәрілер, заңсыз сақталған қару және басқа да заттай айғақтар тәркіленді. Топ жетекшілері соттың санкциясымен қамауға алынды.
"Жасалған қылмыстық әрекеттердің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жедел-тергеу іс-шаралары жүріп жатыр", — деді ведомстводағылар.