Шығыс Қазақстан обылсында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы бойынша бекітілген жоспар биыл толық орындалады.
Былтыр бес білім ордасы қолданысқа берілсе, алдағы жаңа оқу жылында екеуі ашылады. Қазір Глубокое ауданында мектептің негізгі құрылыс жұмыстары аяқталды.
«Опытное поле» ауылында жаңа мектеп кездейсоқ салынған жоқ. Себебі жарты ғасыр бұрын бой көтерген ескі білім ошағының түрі мынау. Қабырғасы қақырап, іргетасы сөгіліп тұр. Мекеме директоры Жанна Егорованың өзі осы мектептің түлегі. Ғимарат апатты деп танылып, заманауи нысан салынады дегенде ұжым болып қуандық, — дейді.
Жанна Егорова, Опытное поле мектебінің директоры:
- Бұл біз үшін нағыз тарихи сәт. Балалар жарты ғасырлық мекемеде білім алып келді. Қанша күтіп ұстасақ та, ескінің аты ескі ғой. Енді оқушыларда терең білім алып қоймай, шығармашылықпен және спортпен де шұғылданатын толық жағдай бар.
«Келешек мектептері» жобасы бойынша салынған білім ошағында балалар мен мұғалімдер үшін барлық мүмкіндік қарастырылған. Маңайдағы ата-аналар мен оқушылар ғимарат ішін аралап, танысып жатыр.
Оқушылар білім-ғылым игерумен қатар, киім тігуді, балға-шеге ұстауды, роботты техниканы меңгеруді де үйренеді. Айнагүл Қабанбаева алты бала тәрбиелеп отырған ана. Әр кабинетті көріп шыққан ол келешектің мектебі осындай болса керек деп таңданысын жасырмады.
Айнагүл Қабанбаева, көпбалалы ана:
- Осы мектеп табалдырығын менің бес балам аттағалы отыр.Енді олардың сапалы білім алып, үлкен жетістіктерге жетеріне сенемін. Бала тұрмақ, өзім оқығым келіп кетті. Қызығады екенсің.
Мамандардың айтуынша, білім саласындағы құрылыстың барлығы тұрғындардың сұранысы мен қажеттілігіне сай жоспарланды. Яғни ең алдымен жаңа нысанға мұқтаж білім мекемелері анықталды.
Жанғазы Әліпбаев, Білім басқармасы басшысының м.а:
- Апатты жағдайдағы мектептер, оқушыларға орын жетіспеушілігі мәселесі бар оқу орындарын ескере отырып құрылыс жоспарға алынды.
Дәл осындай білім беру ғимараттары Риддер мен Шемонайхада да бой көтерді. Өскемендегі ең үлкен ықшам ауданында да жаңа мектеп оқушыларды қарсы алуға дайын. Осылайша өңірде «Келешек мектептері» жобасы бойынша межеленген жоспар биыл толық орындалмақ.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов, ШҚО