0:00:00
0:00:00Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!
Мереке мен демалыс күндеріне қарамай жұмыс істейтін жандардың бірі – дәрігерлер. Әсіресе перинаталдық орталық мамандары күн-түн демей дамыл көрмейді. Демографиялық өсім жоғары Түркістан облысында 8 наурыз күні 126 сәби дүниеге келген. Адам жанының арашасы болған нағыз еңбек адамдары туралы әріптесім Айнұр Әбілқасымқызының бейнематериалы.
Перинаталдық орталыққа түскен әйелге шұғыл операция жасалмақ. Патология бөлімшесінің меңгерушісі, акушер-гинеколог Гүлмира Әбдешева қысылтаяң уақытта дұрыс шешім қабылдағанына сенімді. 38 жылдық тәжірибесі бар білікті маман әріптестерімен бірге ауыр жағдайда жеткізілген жүкті әйелді аман алып қалуға барын салды.
Жарық дүниеге тағы бір сәби келді. Ананың да, баланың да жағдайы жақсы. Қолына сәбиін алған Лаура Есенбекова білікті дәрігер мен мейірбикелерге шексіз разы.
Лаура Есенбекова, Қазығұрт ауданының тұрғыны:
Ұл бала босандым, салмағы 4 келі болды. Ал бойы 156см. Жағдайымыз жақсы. Гүлмира Жұмахановнаға рақмет. Осы жерде қызмет жасайтын барлық қызметкерлерге алғысым шексіз.
Жыл басынан бері өңірде 7 мыңнан астам сәби дүниеге келген. Мыңдаған әйелдің дені сау баланы өмірге әкелуіне қолғабыс етіп жүрген маман бүгін де тынымсыз кезекшілікте. Себебі мұнда жүктілік кезінде ауруы асқынған, ерте босанатын әйелдер ғана жатқызылады. Тағы да кезекті операция. Бұл жолы баланың серігі жатырға жабысып қалған әйелге ота жасалды.
Гүлмира Әбдешева, акушер-гинеколог:
Мыңдаған әйелді босандырдым. Әр әйелді босандырғанда өзің босанғанмен бірдей боласың. Олармен толғатып, қолыңа кішкентай нәрестені ұстаған кезде ауырғанын, қиналғанын ұмытып кетеміз.
Білікті дәрігер мереке күндері уақытпен санаспай жұмыс істеуге тура келетінін айтады. Себебі аудандардан науқастар көптеп түседі. 8 наурыз күні орталықта 126 әйел босанған, 70 қыз, 56 ұл бала дүниеге келген.
Сапар Түймебай, акушер-гинеколог:
Ол барлық шешімді таба алады. Қаншалықты қиын операция болса да, сол кезде баланы, ананы аман-есен алып шыға алады.
40 жылға жуық ғұмырын медицина саласына арнаған тәжірибелі акушер-гинеколог келесі жылы зейнетке шықпақ. Өзі дәрігерлер отбасында дүниеге келген Гүлмира Әбдешева немерелерінің де осы саланы меңгеріп, ұлтқа қалтқысыз қызмет еткенін армандайды.
Айнұр Әбілқасымқызы