0:00:00
0:00:00Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз !
Елімізде аутизм диагнозы қойылған балаларды оқытатын жалғыз колледж бар. Астана қаласы әкімдігінің Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжі ерекше балаларды жұмысшы мамандықтарға баулиды. Білім ордасын тәмәмдағандардың алды бүгінде ел қатарлы жұмыс істеп жүр. Түлектермен тілдескен тілшіміз тарқатады.
Александра Панасенко қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінде оқуын тәмамдап, еліміздегі қымбат қонақ үйлердің біріне жұмысқа орналасқан. Даун синдромы барына қарамастан, 5 жылдан бері тұрақты әрі сапалы қызмет етіп келеді.
Бағдат Сапарова, Laundry supervisor:
Біз таңғы 8-ден, кешкі 8-ге дейін он екі жұмыс сағат істейміз. Ал Сашаның жұмыс уақыты 10-нан 4-ке дейін. 1,5 сағат арасында демалатын уақыты бар. Күніне төрт сағат жұмыс істейді.
Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжі менталды ауытқуы бар балаларға диплом беретін Қазақстандағы жалғыз оқу орны. Мұнда 50 ерекше бала білім алып жүр. Оның 20-ы аутизм диагнозы қойылған студент. Сондықтан әр сабақты 1 тютор, 1 психолог және пән оқытушысы қадағалайды. 20 студентті 2 топқа бөліп, наубайшы-кондитер және тігінші мамандықтары бойынша білім беріп жатыр.
Зәуре Қылышбаева, «Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжі» ШЖҚ МКК директоры:
2022 жылдан бастап, ерекше білімді қажет ететін балаларды қабылдап, оқытып келе жатырмыз. 2024 жылы бірінші бітірушілеріміз болды. Бірінші жылы кәсіпорындарда іс-тәжірибеден өту қиынға соққанымен, біз әрқайсысын жеке-жеке жетектей отырып, іс-тәжірибеден өткіздік. Бізге есігін ашқан кәсіпорындар да болды. Қазір сонда жұмыс істеп жатқан шәкірттеріміз де бар.
Бұл оқу ордасында сабақ беретін оқытушылардың бәрі инклюзивті балалармен жұмыс істеу бойынша білімін үнемі жетілдіріп отырады. Әр баланың мінез-құлқына сай қарым-қатынас жасап, бір-бірімізге әбден үйреністік дейді ұстаздар.
Дәрия Оспанова, педагог-психолог:
Әр сабақ 25 минуттан оқытылады. Бұл балалар тез шаршап қалатын болғандықтан 25 минут деп бекітілді. Сабақ арасында релаксация жасап, демалуға жағдай жасалған.
Елімізде аутизм диагнозымен тіркелген 19 мыңнан астам бала бар. Соңғы 5 жылда олардың қатары бес есе артқан. Мүгедектігі бар жандарды қоғамға бейімдеп, кәсіби маман қалыптастыру – мемлекет саясатының бір бағыты. Жұмысшы мамандардың қашанда сұранысқа ие екенін ескерсек, кәсіптік-техникалық білімді игеріп жатқан ерекше студенттер де өз жолын тауып кететініне ұстаздары сенімді.
Ақниет Балтанова