Франция жаңа саяси дағдарыс алдында тұр. 8 қыркүйекте парламент премьер-министр Франсуа Байрудың үкіметіне сенім вотумын дауысқа салады, деп хабарлайды 24kz.
Мәселеге 2026 жылға арналған бюджет жоспары себеп. Оған басты оппозициялық партиялар қарсы. Жұрт ауқымды наразылық акцияларына дайындалып жатыр.
Айдана Айтбекқызы, тілші:
- Францияда жаңа саяси маусым шиеленіспен басталды. Премьер-министр үкіметке сенім мәселесін парламенттің қарауына шығарды. Ұлттық ассамблеяда дауыс беру 8 қыркүйекке өтпек. Егер Байру кабинетіне сенімсіздік жарияланса, премьер отставкаға кетеді. Бұл жағдайда Франция биыл екінші рет үкіметсіз қалуы мүмкін.
Былтыр желтоқсанда экс-премьер Мишель Барнье де бар болғаны үш ай қызмет етіп, дәл осылай лауазымынан босатылған еді. Ол кезде кикілжің әлеуметтік сақтандыру бюджетіне қатысты заң жобасынан туындаған. Десе де, қазіргі дау да соған ұқсас – келер жылғы мемлекеттік бюджет. Жобада ЖІӨ-нің 1,2%-ін қысқарту көзделген. Ол үшін шығындарды азайту, индексацияны тоқтату және жаңа салықтарды енгізу ұсынылған. Шамамен 44 млрд еуро үнемделуі керек. Ең көп сынға ұшырағаны – 11 мемлекеттік мерекенің екеуін қысқарту. Қоғам мұны әлеуметтік әділетсіз әрі шектен тыс қатаң шешім деп бағалап отыр.
Лоран Вокье, Франция парламентіндегі «Республикалықтар» фракциясының жетекшісі:
- Егер олар біздің парламенттегі топ осы бюджетті қолдап дауыс берсін десе, онда француздарды ашуландырған жайтқа назар аудару қажет. Оларды үнемі сол баяғы еңбекші халықтың төлейтініне наразы. Бюджеттегі қысқартулар жеткіліксіз. Біз мұнда оларды азайту үшін емес, көбейту үшін келдік. Бірақ жасырын салықтарды тыю керек.
Премьер-министр Байру парламентте дауыс беру процессі алдында саяси партия лидерлерімен кездесіп, қолдау іздеді. Алайда келісімге келе алмады: «Бағынбаған Франция» немесе Еркін Франция (La France insoumise) солшылдары да, «Ұлттық бірлестік» оңшылдары да, социалистер де бюджет жоспарын тағы да қатаң сынға алды. Сондықтан Байрудың үкіметі парламентте 288 дауысқа ие болып, дағдарысты еңсере алатыны күмәнді болып отыр. Оның үстіне елде 10 қыркүйекте осы бюджет жобасына қарсы шерулер жоспарланып отыр.
Марин Ле Пен, Франциядағы «Ұлттық бірлестік» партиясының басшысы:
- Егер сұрақ: «Біз үкіметке сенеміз бе, жоқ па?» дегенге тірелсе, жауап біреу: жоқ. Біз Ұлттық ассамблеяны барынша тез таратуды талап етеміз. Өйткені шындық мынада: тек жаңа сайлаудың нәтижесінде пайда болатын жаңа көпшілік қана бюджет жасап, елдің нақты бюджеті болады. Бұл жалғыз демократиялық шешім.
Айдана Айтбекқызы, тілші:
- Егер Байру жеңіске жетсе, оның стратегиясына жалпы қолдау көрсетіледі. Бірақ бюджеттің әр тармағын сынға алып жатқан парламентпен жеке келісуге тура келеді. Ал егер сенімсіздік вотумы жарияланып, Байру отставкаға кетсе, бюджет жобасы қабылданбайды. Жаңа үкімет қайта қаралған бюджет нұсқасын ұсынуы мүмкін, бірақ бұл уақытты талап етеді.
Авторлары: Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан