Current Date: 16-06-2025

Елімізде тұрғын үй қорын басқару тетігі жетілдіріледі

Елде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы заңнама жетілдіріледі, деп хабарлайды 24kz.

Бірқатар түзетуді Мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдады. Жобаны әзірлеушілер саладағы бұған дейінгі олқылықтар жойылып, жаңа нормалар көппәтерлі үй тұрғындарының құқығын қорғауды күшейтетіндігін айтады.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сай елде тұрғындардың 40%-тен астамы көппәтерлі тұрғын үйлерде тұрады. Әлеуметтік сауалнамалардың нәтижесі Тұрғын-үй коммуналдық инфрақұрылымының жай-күйі мен коммуналдық тарифтер мәселесі азаматтарды анағұрлым көп толғандыратын 10 сұрақтың қатарына кіретінін көрсеткен. Себебі, аймақтарда жыл сайын 100 мыңдаған шаршы метр жаңа тұрғын үйлер пайдалануға беріліп жатыр. «Сол себепті меншік иелерінің құқығын қорғау, тұрғын үй қорын қалыпты жағдайда күтп ұстау мәселесі өзекті», — дейді заң жобасын әзірлеуші топ.

Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Өкінішке орай Үкімет 2019 жылдан бері жүргізіп келе жатқан тұрғын үй қорын басқару жүйесін реформалау мақсатына жете алмады. Мұның объективті және субъективті себептері бар. Мемлекет басшысы 2023 жылғы сәуірде Үкіметтің кеңейтілген отырысында реформаға шынайы баға беру қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты жіберілген қателіктер мен істердің нақты жағдайын ескере отырып, депутаттық корпусқа кондоминиумдарды басқарудың құқықтық негізін қайта қарау тапсырылды. Бұл заң жобасы осы тапсырманы орындау үшін дайындалды.

Ал, қазір қолданыста басқарудың үш түрі бар. Мүлік иелерінің бірлестігі, жай серіктестік және тікелей бірлесіп басқару. Бұған дейінгі қолға алынған реформаның идеясы тұрғындардың өз үйлерін қалай басқаруға болатындығын таңдау еркіндігін беру болатын. Алайда, таңдау пәтерлердің санына байланысты болды. Яғни, 30 пәтерден көп болса – мүлік иелерінің бірлестігі. 30 пәтерге дейін болса – жай серіктестік. 16 пәтерге дейін – тікелей бірлесіп басқару түрі. «Осы тұста депутат Мархабат Жайымбетов заң жүзінде басқару формасын таңдау құқығы бар болғанымен, іс жүзінде олай емес», — деді. Себебі, тұрғындардың таңдау құқығы шектеліп отыр. Жаңа заң жобасы осы мәселені шешуге көмектеседі. Қарапайым халық өз үйін басқаруда еркін таңдауға ие болады. Енді кондоминиумды басқарудың екі түрі болады: мүлік иелерін біріктіру және тікелей бірлескен басқару.

Жай серіктестік түсінігі алынып тасталады. Оның орнын тікелей бірлесіп басқару формасы басады деуге болады. Қазір тиімді жұмыс істеп тұрған жай серіктестіктер қызметін жалғастырады тек шарттары өзгеріп, тіркеуден өтуге тиіс болады.

Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қазір ел бойынша 40 мыңға жуық жай серіктестік тіркелген. Ал көппәтерлі тұрғын үйлердің саны 50 мыңға жуық қана. Сонда барлық көппәтерлі үй жай серіктестік арқылы басқарылып отыр деген түсінік қалыптасады. Бірақ іс жүзінде бұл үйлердің көбі иесіз, кейбірі әлі күнге дейін Пәтер иелерінің кооперативінде қалып отырғанын білеміз. 6 мыңы ғана мүлік иелерінің бірлестігі арқылы басқарылып отыр. Жай серіктестіктің заңды күші болмады. Жұмысы тек қағаз жүзінде жүргізіліп келді.

Енді құрылыс компаниясы алғашқы пәтерді сатқаннан-ақ кондоминиумды тіркеуге міндетті. Басқарушы компанияның барлығында біліктілік сертификаты болуға тиіс. Тағы айта кетерлігі, тұрғын үйді басқару субъектісі пәтер иелерінен жиналған қаражаттың жұмсалуы туралы ай сайын есеп беруге міндетті әрі оны ақпараттық жүйелерде орналастыруға тиіс. Талап орындалмаса, 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.