0:00:00
0:00:00Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!
2021 жылы мемлекет басшысы ауыл әкімдерін тікелей сайлау туралы заң жобасын бекіткен болатын. Ал биыл осыдан төрт жыл бұрын алғаш сайланған әкімдердің лауазымдық мерзімі аяқталады. Тұрғындар өздері тікелей таңдау жасау арқылы ауылдың ахуалын өзгерте алды ма? Президент ұсынған реформалар аймақтарда қалай жүзеге асып жатыр. Әріптесім Қуаныш Қанатұлы Жетісу облысының Аманбөктер ауылына арнайы барды.
Тау бөктерінде орналасқан Аманбөктер ауылында ауыз су мәселесі өзекті болатын. Тұрғындар тіршілік нәрін қайнар, тұмадан алып келді. Қазір орталықтандырылған су жүйесі үйді-үйге жеткізілеген. Көшелерге жарық тартылып бір жылда блокты модульді фельдшерлік пункт, малдәрігерлік станция мен әкімдік салынды.
Малике Жантасова, ауыл тұрғыны:
Екіаша мен Аманбөктер ауылының орталығы асфальттанды. Жол салынды. Сонымен бірге, жаңа ғимараттар салынды. Ғимараттардың біреуі өзіміздің әкімшілік. Екінші ФАП деп айтамыз.
Орынбек Абулов, ауыл тұрғыны:
Әрбір үйде су бар. Қаладағыдай тұрамыз. Жол күреледі, подсыпка жасайды. Ауылда халықтың күйі жақсы.
100-ге жуық түтін. 500-ден астам тұрғын. Ауыл әкімі бәрін жеке таниды, мәселесін біледі. Шекарада жатқан ауылды жердің шеті, желдің өті дегізген жоқ. Еңбек етем деген тұрғындарға жұмыс тауып, іскер азаматқа кәсіп ашуға көмектесті.
Шырынгүл Нұрханова, Аманбөктер ауылдық округінің әкімі:
Әйел адам қалай басқарады екен деген мүмкін сенімсіздік болған шығар. Бірақ көптеген нәтижеге қол жеткізгеннен кейін, халықтың сенімі маған артты. Қазіргі кезде жақсы халықпен жұмыс жасаймыз бірігіп. Соның арқасында көп нәтижеге қолымыз жетіп отыр.
Жыл басынан бері Жетісу облысында төрт ауылда сайлау өтті. Ал жыл соңына дейін әлі 36 елдімекеннің әкімі сайланады. Бұл қадам халыққа мемлекеттік басқару жүйесін қадағалауға толық мүмкіндік берді.
Қуаныш Қанатұлы