Current Date: 14-03-2025

Қазақстанның Қызыл кітабының тізімі жаңаланды

Соңғы басылымына сирек кездесетін жан-жануардың 11 түрі кірді , деп хабарлайды 24kz.

Ал, 19-ы санының көбейгеніне байланысты тізімнен шығарылды. Ерекше қорғауға алынғандардың қатарында жәндіктер, құстар және сүтқоректілер бар. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Зоология институты бас директорының орынбасары Марина Чирикова айтты. Қазақстанның «Қызыл кітабының» алғашқысы 1978 жылы шыққан. Содан кейін 3 рет басылған. Осыдан кейін жаңартылмаған. Бесінші басылым араға 16 жыл салып әзірленіп жатыр. Институттың бас ғылыми қызметкері Роман Ященконың айтуынша, елімізде сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген жануарлар түрінің тізімі қайта жасалады. Ерекше қорғалатын аңның бірі – қар барысы. Елімізде саны 200-ге жуықтады. Бұл – Орталық Азия бойынша ең жоғары көрсеткіш. Оларды зерттеу үшін 11 қар барысына спутниктік қарғыбау тағылды.

Роман Ященко, ҚР Зоология институтының бас ғылыми қызметкері:

- Ғалымдардың айтуынша, 1980 жылдардың басында барыстың саны шамамен 180-200 болды. Алайда, 90-жылдары 80-100-ге дейін азайып кетті. Әрине, оған әртүрлі жағдай әсер етті. Бірақ соңғы 30 жылда барысты қорғау бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде көбейіп келеді. Қазір шамамен 180-ге жетті. Мамандар жабайы табиғатта аңдардың жүріс-тұрысын зерттеп, бақылау мақсатында фототұтқыштар мен спутниктік телеметрияны пайдаланады.