Current Date: 14-03-2025

«Қазақ газеттері» мен «Отандастар қоры» серіктестік орнатты

«Қазақ газеттері » ЖШС мен «Отандастар қоры» өзара ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне бастау болатын меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жиынға модераторлық еткен «Қазақ газеттері» басшысы Дихан Қамзабекұлы еліміздің бас басылымдары шекараның арғы шебіндегі қазақтардың қал-ахуалын үнемі зерделеп, ел назарына ұсынып отырғанын атап өтті.

«ХХ ғасырдың басында қазақ халқы алағай-бұлағай шақтарды бастан өткерді. Түрлі мемлекеттерге тарыдай шашылды. Сондай сындарлы кезде ұлттық баспасөз өзге елде тұрып жатқан қазақ диаспорасының тұрмысы, оқуы, қызметі туралы ақпараттармен құлақтандырып отырды. Қазіргі күнде де бұл жауапкершілік қазақ газеттерінің мойнынан түскен жоқ. Қандастарымызға жан-жақты қолдау көрсетіп отырған «Отандастар қорымен» бірігіп жұмыс істеуге әзір екендігімізді мәлімдейміз», деді Д.Қамзабекұлы.

серіктестік

Айта кетейік «Отандастар қоры» – шетелдегі қазақтармен мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасты нығайту негізінде олардың ұлттық бірегейлігін сақтау және елімізге оралған қандастарымызға ақпараттық қолдау көрсету мақсатында құрылған акционерлік қоғам. Оның басшысы Данияр Қадыров та «Қазақ газеттері» ұжымына ризашылығын білдіріп, сырттағы қандастардың әлеуетін ұлт мүддесіне тиімді пайдалану керектігін жеткізді.

Меморандум аясында екі тарап шетте жүрген этникалық қазақтарды тарихи отанына шақыру, олардың ішінде өз саласында үздік нәтижеге жеткен білікті азаматтарды елге насихаттау, сондай-ақ қазақтар көп шоғырланған аймақтарға қазақ басылымдарын жеткізу сияқты маңызды жобаларды талқылады.