Current Date: 14-03-2025

Сот Перизат Қайрат басқарған "Biz birgemiz Qazaqstan 2030" қоғамдық бірлестігіне қатысты шешім шығарды

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Әділет департаментінің Biz birgemiz Qazaqstan 2030 қоғамдық бірлестігін тарату туралы талабын қарады. Бұл туралы елордалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Іс материалдарына сәйкес, осы заңды тұлғаны бастапқы мемлекеттік тіркеу 2021 жылғы 11 қазанда өткізілген.

"Бірлестіктің құрылтайшылары 10 адам болып табылады, олардың есімдері Қайрат Перизатты қоса алғанда, құрылтай жиналыстарының хаттамаларында көрсетілген.

Қылмыстық істі тергеу барысында қолжазба сараптамасы жүргізіліп, қорытындысына сәйкес, 10 құрылтайшының 9-ның атынан құрылтай құжаттарына Қайрат Перизат қол қойған.

Заңды тұлға Азаматтық кодекстің 49-бабына сәйкес, заңды тұлға оны құру кезінде жіберілген, жойылмайтын сипаттағы заң бұзушылықтарға байланысты жарамсыз деп танылған жағдайда, сот шешімі бойынша таратылуы мүмкін.

ҚР Жоғарғы Сотының "Соттардың салық заңнамасын қолданудың кейбір мәселелері туралы" нормативтік қаулысының 12-тармағына сәйкес — заңды тұлғаны құруға (қайта тіркеуге) қатысы жоқ заңды тұлғаны басшысын және (немесе) құрылтайшысын (қатысушысын) көрсете отырып тіркеу (қайта тіркеу) заңды тұлғаны тарату (жарамсыз деп тану) үшін негіз болып табылады", — делінген сот хабарламасында.

Бірлестікті құру кезінде анықталған бұзушылықтарды ескере отырып, сот "Biz birgemiz Qazaqstan 2030" қоғамдық бірлестігін мәжбүрлі түрде тарату туралы шешім қабылдаған.

Шешім заңды күшіне енген жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін сотқа "Biz Birgemiz Qazaqstan 2030" қоғамдық бірлестігінің мемлекеттік тіркеуін жарамсыз деп тану және мәжбүрлі түрде тарату туралы талап-арыз берілгенін хабарлаған едік.