Current Date: 14-03-2025

Әлемде табиғи апат жиілеуі мүмкін

Табиғи апат туралы дрондар хабар береді

Апат айтып келмейді. Дегенмен адам кез келген төтенше жағдайға дайын болуға тиіс. Бұл ретте алдымен қауіп туралы ел-жұртты тегіс құлақтандыру маңызды. Тақауда Гватемалада Dronebots жобасы сынақтан өткізілді. Нәтиже бар. Ұшқышсыз ұшақтар құтқарушыларға ақпаратты 80% жылдамдықпен жеткізуге қабілетті. Бұл дәстүрлі желілер істен шыққан жағдайда өмірлік маңызды құтқару құралы ретінде әрекет етеді, дейді мамандар. Жалпы Гватемала табиғи апаттардан қатты зардап шегіп келе жатқан елдің бірі. Халықтың 40 пайызы қазір апат қаупі жоғары аймақтарда тұрып жатыр. Онда электр қуаты мен интернет байланысы жиі үзіледі. Сондықтан тұрғындар көбіне маңызды ақпараттардан қағылып, эвакуацияға алдын ала дайындала алмайды.

Дэн Альварес, Aerobots инженері:

- Бұл технологияның артықшылығы, ең алдымен тұрғындарға апат болған жағдайда өздеріне көмектесуге мүмкіндік береді. Эвакуацияға алдын-ала дайындалып, ең қажетті жүктерін дайындауға уақыты болады. Өйткені көбіне апат туралы хабар дер кезінде жетпегендіктен, адамдар не істерін білмей қалады.

Су тасқыны туралы хабарлау жүйесі

Әр елде ауа-райын бақылау үшін әртүрлі жүйе қолданылады. Олардың географиялық орналасуына байланысты өзіндік ерекшеліктері бар. Соның ішінде ең танымалы, Еуроодақ елдерінде қолданылатын "Коперникус" бағдарламасы. Бұл бүкіл аймақтағы өзендердің тасуын бақылайтын негізгі жүйелердің бірі. Бағдарлама алдағы 3-10 күнге болжам жасай алады.

ЦИТАТА:

Су тасқыны, өрт сияқты табиғат апаттарын алдын-ала болжау қиын. Бірақ біз оның себебі мен оған әсер етуші факторды анықтай аламыз. Атмосферада ауа ылғалдылығының жоғарылауына себеп болатын су буы, температура көтерілген сайын арта береді. Бұл жауын-шашынның көп түсуіне, тасқын қаупіне әкеп соғады. Сондықтан кез келген жағдайға дайын болу керек.

Карло Буонтемпо, Copernicus бағдарламасының ЕО бойынша басшысы

Жапония

Коперникті тек Еуропа аумағындағы елдер емес, Жапония да қолданады. Климаттық деректер аймақтарды су басу қаупіне бейімдеуге көмектеседі. Жапония астанасының өзінде ондаған бөгет пен су қоймалары бар. Қалада жер асты суын жүргізетін канал да бар. Жергілікті тұрғындар үшін елде дауыл туралы ескерту жүйесі жұмыс істейді. Жалпы Жапония географиялық орналасу ерекшелігіне байланысты ғасырлар бойы су тасқынымен күресіп келеді.

Әлемде табиғи апат жиілеуі мүмкін

Климаттың құбылуы салдарынан былтыр жарты шар су астында қалды. Оңтүстік Азияда Бангладеш, Филиппин, Таиланд, Еуропада Италия, Испания, оңтүстік-шығыс Африка аймақтары тасқыннан көз ашқан жоқ. Сорақысы, бұқараны былтыр әбігерге салған жаһандық жылыну биыл да жалғасады. Коперникус климаттың өзгеруін бақылау қызметінің мәліметіне сәйкес, биыл да бұл үдеріс сақталып, климаттық өзгерістен болатын табиғи апаттар тіркелуі мүмкін. Бірақ ғалымдар айтып келмейтін апаттың нақты қай ай, қай мерзімде болатынын болжау қиын дейді. Биыл да бұл рекорд жаңарса, демек, табиғат апаты жиілейді. Өйткені жер шарындағы жаһандық жылу өз шегінен асып кетті.

Бұл орайда НАСА зерттеушілері, парниктік газдардың әсерінен жер жаһан ысымаса, температура төмендемейді дейді.