Бүгінгі жағдай бойынша елдің 67% аумағын қар басқан.
Бұл жөнінде тасқынға қарсы шараларды үйлестіру жөніндегі республикалық штаб отырысында айтылды. Экология және табиғи ресурстар министрі үкімет басшысына қазіргі ахуалды баяндады. Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарында қазірдің өзінде қар ери бастаған. Ал солтүстік-батыс, солтүстік-шығыс және еліміздің орталығында жердің тоңы әлі де қалың. Мәселен, Қостанай өңірінде жер 150 см тереңдікке дейін қатып жатыр. Ақмолада – 139, Павлодар облысында – 159, Қарағанды аймағында тоңның қалыңдығы 132 см-ге дейін жетеді. Наурыз-сәуір айлары жылы болады деген болжам бар. Жауын-шашын да көп түседі. Ал бұл тасқын қаупін арттырады. Қауіпті азайту мақсатында Премьер-министр Олжас Бектенов уәкілетті органдарға Ақмола, Батыс Қазақстан, Ұлытау, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарының су тасу қаупі бар елді мекендерді аралап, шұғыл шаралар қолдануды тапсырды.