Current Date: 14-03-2025

Трамптың арнайы өкілі мінген ұшақ Мәскеуге қонды

Бортында АҚШ-тың Таяу Шығыстағы арнайы өкілі Стив Виткофф мінген ұшақ Ресей әуежайына қонды, деп хабарлайды РИА Новостиге сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Басылымның мәліметінше, Дональд Трамптың арнайы өкілі Стив Виткоффтың ұшағы Мәскеудегі Внуково-2 әуежайына қонған.

Бұған дейін басылым таңертең Катардан ұшып шыққан АҚШ президенті Дональд Трамптың Таяу Шығыстағы арнайы өкілі Стив Виткофф мінген Gulfstream G650ER ұшағы Ресей шекарасын кесіп өткенін хабарлаған.

АҚШ өкілдерінің келетініне қатысты бүгін Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков те түсінік берді.

"Шынында да келіссөз жүргізушілері ұшып келе жатыр және кездесу жоспарланып отыр", — деді ол журналистерге.

Еске сала кетейік, бұған дейін Дональд Трамп Украинадағы атысты тоқтату шарттарын талқылау үшін Ресейге АҚШ өкілдерін жібергенін айтқан болатын.