"Сайрам-Өгем" ұлттық паркінде сирек кездесетін жануарлар фототұзаққа түсіп қалды. Сондай-ақ Батыс Алтай қорығында бұлғын таспаға іліккен, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Сайрам-Өгем" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында қойылған фототұзақтарға сирек кездесетін жабайы жануарлар – Түркістан сілеусіні, Үнді жайрасы, қасқыр және Сібір елігі түсіп қалған.
"Бұл кадрлар Қазақстанның оңтүстігінде мекендейтін жануарлар әлемінің алуан түрлілігін тағы бір мәрте дәлелдейді", — дейді ұлттық парк өкілдері.
Ұлттық парк қызметкерлерінің айтуынша, фототұзақтар тек жануарларды бейнежазбаға түсіріп қана қоймай, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де көмектеседі. Қыс мезгілінде биотехникалық іс-шаралар күшейтіліп, жабайы аңдарға жем-шөп қоры дайындалды.
Ал бұлғынды (соболь – ред. ескертпесі) Батыс-Алтай қорығының мемлекеттік инспекторлары аумақты аралау кезінде видеоға түсіріп алған.
Бұлғын (лат. Martes zibellina) – сусарлар тұқымдасының сусарлар туысына жататын жыртқыш сүтқоректі аң.
Дене тұрқы 40-55 см, құйрығы – 20 см-дей, салмағы 0,4-1,6 кг. Қазақстанда Алтайдың қылқан жапырақты ормандарында кездеседі.
Ұсақ жәндіктермен, кеміргіштермен, тиінмен, қоянмен, балқарағай жаңғағымен, жидекпен қоректенеді. Шыршалы, балқарағайлы ормандардағы ағаш діңдері мен тас қуыстарды мекендейді.