Current Date: 14-03-2025

Көктем басы – көрісу. LIVE

Ақтөбеде Наурызнама – Ұлыстың ұлы күні Амал мерекесімен бастау алды.

Көшпенділер дәуірінен бері тойланып келе жатқан Көрісу күні еліміздің батыс өңірлерінде кеңінен атап өтіледі. Соңғы жылдары «Амал» мерекесінің ауқымы кеңейіп, бұқаралық сипат ала бастады. Бүгінгі ерекше шаралардың бірі – кимешек киген әжелер шеруі өтсе, дәл қазір облыс орталығында қалың көпшілікке арналған «Көктем басы – Көрісу» мерекелік кеші жалғасуда. Толығырақ мерекелік шаралар жайында әріптесім Мансұр Есқожин тікелей эфирде баяндап береді. Мансұр, сөз кезегі сізде!

Мансұр Есқожин, тілші

- Көшпенділер мәдениетінде Амал күні жылдың басы саналған. Наурыз, ескіше Қамал айы туғанда жаңа жыл келді деп есептелген. Қыс бойы бір-біріне жете алмаған ағайын жер аяғы кеңіген сәтте сағына жүздесіп, құшақ жая амандасу жоралғысы да бүгінгі көрісу салтына ұласып отыр. Мұның барлығын өнер ұжымдары сахна төрінде көрсетіп жатыр.

Бұған дейін Амал мерекесін аға буын өкілдері дәріптеп, насихаттап келді. Себебі ұлттық болмысты жоюға бағытталған солақай саясаттың ықпалымен ұмыт қалу қауіпі де болған. Қазір ата дәстүр ұлықталып, қалың бұқарамен қайта қауышты. Ақтөбенің орталық алаңында киіз үй тігіліп, балалар мен жастарға алтыбақан орнатылған. Ұлттық ойындар мен спорт түрлерінен білекті мен ептілер сынға түсті.

Жанғабыл Қабақбаев, Қазақстанның құрметті журналисі:

- Ұлыстың Ұлы күніне арналған Наурызнама бағдарламасының алғашқы күні – Амал мерекесінде ұлттық қолөнер туындыларын да тамашалауға болады. Ақтөбе тұрғындары мен қала қонақтарын орталық алаңда ұйымдастырылған көрмеге шақырамын. Он саусағынан өнер тамған шеберлер сәнді әрі бағалы бұйымдарды жасау әдіс-тәсілдерімен де бөліседі. Әзірге менде бар ақпарат осы.