Current Date: 15-03-2025

Астанада дәрігерлер баланың ішінен тіс шұқығыш алып шықты

Астанада 11 жастағы баланың ішінен дәрігерлер тіс шұқығыш алып шықты. Іші ауырғанына шағымданған баласын ата-анасы бірден ауруханаға алып келген, деп хабарлайды "КТК" арнасы.

Дәрігерлер баланы бастан-аяқ тексеріп, рентгеннен бөгде затты байқаған. Алайда экран арқылы ұшы үшкір, ішекке жабысып қалған заттың не екенін біле алмаған. Содан баланың жағдайы ушығып бара жатқан соң шұғыл түрде ота жасауға шешім қабылданады.

Баланың ішек-қарнын ақтарған дәрігерлер әбден тас болып қатып қалған тіс шұқығышты алып шыққан. Өңештен өткен тіс шұқығыш ішек жолының бел ортасына келгенде тіреліп қалыпты.

Ал ішекке біте қабысып кеткеніне қарағанда, бала оны бірнеше жыл бұрын жұтып қойған сыңайлы. Бір өлімнен аман қалған жеткіншектің жағдайы қазір тәуір.

"УЗИ, КТ зерттеуінде ісік тәрізді бөгде дене бар деген күмәнмен жедел операцияға алынды. Диагностика лапароскопия кезінде ісік ашылғанда ұзақ уақыт болған бөгде дене анықталды, сөйтіп оның тіс шұқығыш екені белгілі болы", — дейді Астана №2 көпбейінді аурухананың хирургі Әсем Шәкеева.

Дереккөз: "КТК" арнасы