Current Date: 15-03-2025

Орынбор облысындағы Ирекли қоймасынан үлкен көлемде су жіберілмеуі мүмкін

Өзендерде сең жылдағыдан 6-12 күнге ерте жүруі мүмкін.

Ресейдің Орынбор облысындағы Иректі су қоймасынан 10 наурыздан бері секундына 201 текше метр су жіберіліп жатыр. Алайда, алдағы уақытта үлкен көлемде су жіберілмеуі мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Көктемгі су тасқынына байланысты Атырау және Орынбор облыстары арасында әріптестік байланыс орнатуға қадам жасалды. Бұл мәселе Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев пен Орынбор облысы губернаторының Игнат Петуховтің кездесуінде қозғалды.

Кездесу Орынбор облысында өтті.

Орынбор облыстық гидрометеорология орталығының басшысы Василий Мещериннің мәліметінше, алдын ала болжамға сәйкес қардың қазіргі қоры көпжылғы орташа мән деңгейінен төмен екені анықталып отыр.

Орынбор облысындағы Төменгі Еділ су бассейні басқармасы су ресурстары бөлімінің жетекшісі Сергей Ридельдің айтуынша, 10 наурызда Ирекли су қоймасынан жіберілген судың мөлшері секундына 201 текше метрге дейін жеткізілген.

– Су қоймасында 27 наурызға дейін 1,2 млрд текше метр орын босайды. Тасқын кезінде 0,9-дан 1,5 млрд текше метрге дейін су келетініне болжам жасалды. Су қоймасында босаған орын су тасқынының қауіпсіз өтуіне мүмкіндік береді. Максималды деңгейде су жіберудің қажеттілігі туындамайды, – дейді Сергей Ридель.