Current Date: 15-03-2025

Дариға Назарбаева "Астана Опера" кеңесінің құрамынан шығарылады

Құжат "Ашық НҚА" порталында жарияланды.

Мәдениет және ақпарат министрінің "Астана Опера" мемлекеттік опера және балет театрының Қамқоршылық кеңесінің құрамын өзгертуге қатысты бұйрық жобасы шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

– "Астана Опера" мемлекеттік опера және балет театры" коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қамқоршылық кеңесінің құрамы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 22 мамырдағы № 512 қаулысымен бекітілген және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 маусымдағы № 362 қаулысымен өзгертілді. Қазір Қамқоршылық кеңестің жекелеген мүшелері қаулыда көрсетілген лауазымды атқармайды. Кадрлық өзгерістерге байланысты Қамқоршылық кеңес мүшелерінің құрамына өзгеріс енгізу қажеттілігі туындады, – делінген түсіндірме жазбада.

Осылайша театрдың Қамқоршылық кеңесі мүшелерінің құрамын өзектендіру мақсаты қойылып отыр.

– Енгізілетін өзгеріс қамқоршылық кеңес құрамын өзекті кадрлық құрылымға сәйкес келтіру қажеттілігімен негізделген, – деп түсіндірілген құжат жобасында.

"Астана Опера" мемлекеттік опера және балет театрының Қамқоршылық кеңесінің құрамынан кімдер шығарылды?

– Назарбаева Дариға Нұрсұлтанқызы – бұрынғы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты;

– Құлыбаев Тимур Асқарұлы – бұрынғы "Атамекен" Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы;

– Сатқалиев Алмасадам Майданұлы – Энергетика министрі;

– Машкевич Александр Антонович – ERG Sarl менеджерлер кеңесінің төрағасы:

– Шодиев Патох Каюмович – ERG Sarl менеджерлер кеңесінің төрағасы;

– Рақышев Кеңес Хамитұлы – "Fincraft Resources" акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы;

– Смағұлов Нұрлан Еркебұланұлы – "Astana Group" холдингінің президенті;

– Васкес Лучано – ENI S.p.A. Орталық Азия филиалының басшысы.

"Астана Опера" мемлекеттік опера және балет театры"

коммерциялық емес акционерлік қоғамы жанындағы қамқоршылық кеңестің құрамы

Жаңа құрамда кімдер болады?

– Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі;

– Астана қаласының әкімі;

– "Астана Опера" мемлекеттік опера және балет театры" коммерциялық емес акционерлік қоғамының директоры (келісу бойынша);

– Аблазимов Бахаридин Нугманович, "ҚазАзот" акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы (келісу бойынша);

– Баталов Райымбек Әнуарұлы, "Атамекен" Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының міндетін атқарушы (келісу бойынша);

– Жақыпов Нұрлан Қаршығаұлы, "Самұрық-Қазына" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісу бойынша);

– Ибрагимов Шухрат Алиджанұлы, ERG S.a.r.l. директорлар кеңесінің төрағасы, бас атқарушы директор (келісу бойынша);

– Хойтинк Сегер, Agip Karachaganak B.V. төрағасы және басқарушы директоры (келісу бойынша).