Current Date: 15-03-2025

Оқу-ағарту бірінші вице-министрі дүниеден өтті

Наталья Васильевна "Құрмет" орденімен, "Ы. Алтынсарин " төсбелгісімен марапатталған.

ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева өмірден озды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарланды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің ұжымы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаеваның мезгілсіз қайтыс болуына байланысты оның туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады", – деп жазылған парақшада.

Айта кетейік, Наталья Васильевна 1965 жылғы 29 наурызда Қарағанды облысы Теміртау қаласында дүниеге келген. Оның педагогикалық жолы 1987 жылы Қызылорда және Алматы қалаларының мектептерінде бастауыш сынып мұғалімі қызметінен басталды.

2016 жылы Наталья Васильевна Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VI шақырылымының депутаты болып сайланып, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің жұмысына белсенді қатысты. Депутаттық өкілеттігі аяқталғаннан кейін 2021 жылы білім беру саласындағы қызметін жалғастырып, "Назарбаев Зияткерлік мектептері" ДББҰ Басқарма төрағасының кеңесшісі, Педагогикалық шеберлік орталығының білім беру бағдарламалары және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі директордың орынбасары, кейін Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Мектепке дейінгі білім департаментінің директоры қызметтерін атқарды.

2023 жылдың қыркүйегінде Наталья Жұмаділдаева Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту бірінші вице-министрі болып тағайындалды.