Current Date: 15-03-2025

БҚО-да су тасқынына дайындық аясында 18 гидротехникалық құрылыс жөнделді

Батыс Қазақстан облысында су тасқынына дайындық аясында 18 гидротехникалық құрылыс жөнделді , деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

2024 жылы Батыс Қазақстан облысында 19 гидротехникалық құрылысты жөндеу басталды. Бүгінгі таңда 18 нысанда құрылыс-монтаждау жұмыстары бітті, бір нысанды жөндеу осы жылдың сәуір айына дейін аяқталады.

Бұдан бөлек, 3 су қоймасын (Жаңа өмір, Ұзынкөл, Кемер) және 2 бөгетті (Успен, Бесағаш) жөндеу жұмыстарын мәресіне жеткізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, 58 жылда алғаш рет Киров су қоймасына кешенді реконструкция жасалды. Бүгінгі таңда Үлкен Өзен және Кіші Өзен өзендерінде су қоймаларын салуға, сондай-ақ Бітік, Дөңгелек және Пятимар су қоймаларын реконструкциялауға дайындық жүріп жатыр.

Құрылыс-монтаждау жұмыстарынан бөлек, биыл облыста 9 су қоймасына көп факторлы зерттеу жүргізу жоспарланып отыр.

Облыстық «Қазсушар» филиалы өңірдегі су қоймаларында бос сыйымдылықтарды қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізді. Су деңгейіне тұрақты мониторинг және тәулік бойы кезекшілік жүргізіледі. Сондай-ақ ресейлік әріптестерімізбен тұрақты ақпарат алмасудамыз, - деді Батыс Қазақстан облысы бойынша «Қазсушар» филиалының директоры Рауан Хусаинов.