Current Date: 15-03-2025

ШҚО-да тасқынның алдын алуға тас-түйін дайындық жүріп жатыр

Шығыс Қазақстан облысы жер бедері мен климаты күрделі аймақ . Экология министрлігінің мәліметінше, бұл өңірде көктемгі су тасқыны қаупі жоғары, деп хабарлайды 24kz.

Осыған байланысты жауапты органдар дайындық жұмыстарын күшейтуде. Әсіресе, жол қауіпсіздігі басты назарға алынған.

Өңірдегі тасжолдардың көбі өзендер мен арналардың бойында орналасқандықтан, су тасқыны қаупі жоғары. Мамандардың айтуынша, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті шараларды уақытылы жүргізу қажет. «ҚАЖсервис» компаниясының облыстық филиалы республикалық маңызы бар мың шақырымнан астам жолды күтіп ұстауға жауапты. Барлық көпір мен су өткізу құбырларын дер кезінде тазалау маңызды. 35 жылдан бері осы салада еңбек етіп келе жатқан Сансызбай Идиатқанов көктемгі қарлы боранның жағдайды қиындатқанын атап өтті. Кейбір жерлерге техника жете алмағандықтан, оларды қолмен тазартуға мәжбүр.

Сансызбай Идиатқанов, «ҚАЖсервис» ЖШС облыстық филиалының қызметкері:

- Міне, осыларды ашып жатырмыз қалғандарын. Ал негізгісін ашып қойдық. Негізі 0-ден 124 шақырым біздің ДЭУ-дің істейтін жұмыс көлемі. Соларды ашып болдық. Мынау қалғандары ашып жатқандарымыз.

Қауіп күшейген кезеңде уақытты жоғалтпау үшін жауаптылар инертті материалдарды алдын ала дайындап қойып жатыр. Су басу қаупі жоғары аймақтарға қазірдің өзінде тасымалдауда.

Қуандық Нұғманов, «ҚАЖсервис» ЖШС облыстық филиалының қызметкері:

- Күніне 4 рейске дейін жасаймыз. Кейде 5 рейс. Әр кезде әрқалай. Өйткені алып жатқан карьерде, ол жерде алып жатқан тағы да көліктер бар. Кезек болып қалады. Егер кезек жоқ болса, 5 рейске дейін жасауға болады.

Сақтық шаралары былтырғы тәжірибеге сүйеніп атқарылып жатыр. Өткен көктемде Боран ауылын судан аман алып қалу үшін Қалжыр-Марқакөл тас жолы жырылған еді. Биыл мұнда су өткізетін 4 құбыр салынған.

Нұрбек Темірханов, «Қазавтожол» ұлттық компаниясы облыстық филиалының директоры:

- Омбы – Майқапшағай тасжолының Боғаз ауылы маңындағы учаскесіне 13 көпір салдық. Бұл тасқын судың кедергісіз ағып кетуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ ӨскеменАлтай тасжолының Снегирёво ауылы тұсында қосымша үлкен құбыр орнаттық.

«Жол активтерінің сапасы» ұлттық орталығының инженерлері де су тасқынына қарсы дайындықты тексеруде. Осы айдың өзінде республикалық маңызы бар жолдарға 4 рет зерделеу жүргізген. Мамандардың айтуынша, өңірдегі су өткізетін 1200 құбыр мен 100-ден аса көпірдің 90%-і қардан тазартылған.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Анель Есенбердина, Жігер Бабақанов