Current Date: 16-03-2025

Дияр Нұрғожай мансабында алғаш рет жеңіліс тапты

Қазақстандық файтер екінші раунда-ақ қарсыласына есе жіберді .

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Дияр Нурғожай АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен Fight Night 254 турнирінде дебют жасады. Ол бразилиялық Брендсон Рибейромен кездесті. Өкінішке қарай Дияр қолын ауырту әдісімен жеңіліс тапты.

Бұдан бөлек спортшымыз сыйақысының 25 пайызын бразилиялық қарсыласына (16-7 ММА, 1-2 UFC) төлеуге міндеттелді. Себебі қазақстандық спортшы салмақ өлшеу рәсімінде 95.48 келі көрсетіп, белгіленген лимиттен 2.3 келі асып кетті. Ал, оның қарсыласы таразыда 92.98 келі көрсетіп, лимитті бұлжытпай орындады.

DWCS қатысушылары UFC-дегі алғашқы жекпе-жектерін ең төменгі сыйақыдан бастайды. Қазіргі бұл сома 12 000 долларды құрайды. Спортшы жеңіске жетсе тағы $12 000 алады.

$12 000-ның 25 пайызы – $3000. Осылайша, Нургожай 1,5 миллион теңге жоғалтты.

Естеріңізге сала кетейік, Дияр 2024 жылдың қазан айында Дана Уайттың Үміткерлер сериясында (DWCS) жарқын жеңіске жетіп, UFC-мен келісімшартқа қол жеткізді. Ал Рибейро осыдан 1,5 жыл бұрын UFC президентінен келісімшарт алған. Бірақ содан бері екі рет жеңіліп, бір рет жеңіске жетті. Сондықтан бұл жекпе-жекте жеңіліс тапқан жағдайда, ол UFC-ден шығып қалуы мүмкін. 2020 жылдың желтоқсанынан 2022 жылдың тамызына дейін Нұрғожай Хабиб Нурмагомедовтың Eagle FC лигасында өнер көрсетіп, жартылай ауыр салмақта чемпион атанды. Осы кезеңде ол екі рет қазақстандық көрермендер алдында – Алматы мен Астанада өнер көрсетті. Осыдан кейін Дияр бір жарым жыл үзіліс алып, 2024 жылдың мамырында UAE Warriors промоушенінде қайтадан мансабын жалғады. Кәсіби аренада Нұрғожай барлық он жекпе-жегінде де жеңіске жетті.