Current Date: 17-03-2025

Елдана Талипова - әлем чемпионатының күміс жүлдегері

Араға он жыл салып бұрымды боксшыларымыз әлем чемпионатында тарихи жетістікке жетті .

81 келіде шаршы алаңға шыққан қазақстандық боксшы Елдана Талипова финалда қытайлық Илиан Жанға есе жіберді. Осылайша Елдана әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.

Жаһандық дода аяқтала салысымен Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп қыздар арасындағы әлем чемпионатын қорытындылады.

"Әрине, нәтиже өте жақсы деп ойлаймын. Араға он жыл салып боксшыларымыз 3 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль еншіледі. Еліміздің президенті тарапынан спортымыз үлкен қолдау табуда. Жан-жақты қолдау көрсетілуде. Соның арқасында осындай жоғары нәтижеге қол жеткіздік. Сондай-ақ тағы бір тарихи нәтиже, Назым Қызайбайдың үш дүркін әлем чемпионы атануы. Бұл өте үлкен қуаныш. Боксшыларымыз Наурыз мейрамы қарсаңында халқымызға осындай көңіл күй сыйлап отыр!", — деді Шахмұрат Мүтәліп.

Осылайша Қазақстан құрамасы Сербияның Ниш қаласында өткен әлем чемпионатын 3 алтын, 2 күміс, 1 қола жүлдемен командалық есепте екінші орынмен аяқтады. 4 алтын, 1күміс, 2 қола медаль иеленген Ресей құрамасы командалық есепте топ жарды. Үздік үштікті Түркия құрамасы түйіндеді. Олар 1 алтын, 3 күміс, 2 қола медальға қол жеткізді.