Current Date: 17-03-2025

Ілгерілеудің 6 жылы: Ел дамуының әлеуметтік-экономикалық нәтижелері жарияланды

Бұл уақыт аралығында Қазақстан табысы жоғары елдер тобына едәуір жақындады.

Primeminister.kz сайтында үкімет басшысы Олжас Бектенов Қасым-Жомарт Тоқаев ел тізгінін қолына алғанына алты жылда атқарылған жұмыстар мен қол жеткен нәтижелерге шолу жасады. Материалдың ең негізгі тұстарын ұсынамыз.

Жалпы ішкі өнімнің және экономиканың өсуі

2024 жылдың соңында ЖІӨ 288 миллиард долларды құрады. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 14 мың доллардан асты. Қазақстан табысы жоғары елдер тобына едәуір жақындады. 2019-2024 жылдар аралығында өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 31,4%-ға, құрылыста 96,3%-ға өсті. Жалпы өнеркәсіп құрылымында өңдеуші кәсіпорындар өз үлесі бойынша өндіруші сектормен теңесті.

Тек 2024 жылдың өзінде өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 1,3 триллион теңге болатын 180 инвестициялық жоба іске асырылды. Нәтижесінде, аталған секторда соңғы онжылдықтағы ең жоғары көрсеткішке – шамамен 6% өсімге қол жеткізілді. Алты жыл ішінде машина жасау секторындағы өндіріс үш есе өссе, өнеркәсіптік өндірістің жылдық орташа өсімі 20,3%-ды құрады.

Нақты сандарда, 2018 жылы 30 мың бірлікті құраған жеңіл автомобильдердің саны 134 мың бірлікке дейін жетті. Сол сияқты жүк автомобильдері бойынша да алты еседен астам – 7,1 мың бірлікке дейін, автобустар бойынша жеті есеге, яғни 2,9 мың бірлікке дейін, арнайы техника шығару шамамен үш есеге, яғни 711 бірлікке дейін өсім тіркелді.

Қазақстан шикізатты экспорттаудан оны терең өңдеуге біртіндеп бет бұруда. Полимерлер, композиттік материалдар, химиялық реагенттер өндіріліп жатыр. Мұның барлығы – әртүрлі салаларда сұранысқа ие қосылған құны жоғары өнімдер. Ірі жобалардың бірі – Атырау облысында іске қосылған KPI зауыты бүгінде полипропилен өндірісін жолға қойды. Зауыт өзінің қуаттылығы жағынан Орталық Азиядағы осындай өндіріс орындарының ішіндегі ең ірі кәсіпорын саналады.

Мемлекеттік қолдау

Астықтың былтырғы рекордтық өнімі ауыл еңбеккерлерін мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін көрсетеді. Алты жыл ішінде агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға 2,5 триллион теңге бөлінді, бұл ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 1,8 есеге, яғни 8,3 триллион теңгеге дейін өсуіне ықпал етті. Ауыл шаруашылығында жұмыспен қамтылған бір адамға шаққанда еңбек өнімділігі бес жыл ішінде екі есе өсіп, 4,2 миллион теңгеге жетті. Ал, азық-түлік өндірісінің көлемі 2,1 есе ұлғайды.

Мемлекеттік сатып алуда машина жасау, металлургия, құрылыс, жеңіл және химия өнеркәсібі, сондай-ақ азық-түлік тауарлары бойынша тек қана қазақстандық өндірушілерден сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тізбесі едәуір кеңейтілді.

Осы орайда ұлттық даму институттары Қазақстан экономикасына салынатын инвестиция көлемін ұлғайта түсуде. Тек 2025 жылдың өзінде "Бәйтерек" холдингі арқылы 8 триллионтеңге инвестиция салынады, ал 2027 жылға қарай Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бұл сома 10 триллион теңгеге дейін ұлғайтылады.

Соңғы алты жыл ішінде экономикаға 130 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестициялар тартылды.

Қазақстан инфрақұрылымын жаңғырту

Ұзақ жылдар бойы жылу энергетикасы секторына тиісті көңіл бөлінбей келді: республика бойынша инфрақұрылымдық желілердің тозу деңгейі 65%-ға, ал жекелеген өңірлерде тіпті 90%-ға жетті. Қазір энергетика және коммуналдық салалардағы дағдарыстың ауыр кезеңін еңсере алдық. Егер 2019 жылы жылу көздерінің орташа тозу деңгейі 71%-ға жетсе, қазір оны 61%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік туды. Бұл жұмыс жалғасатын болады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша былтыр 86 мың шақырым инженерлік желіні жаңғыртуды, сондай-ақ жаңа қуат көздерін іске қосуды көздейтін Ұлттық жоба іске асырыла бастады. Бұл технологиялық апаттар санын 20%-ға қысқартуға, еліміздегі энергетикалық және коммуналдық секторлардың тозу деңгейін орта есеппен 40%-ға азайтуға, генерацияны 7 ГВт-тан астам арттыруға мүмкіндік береді.

Бірінші АЭС құрылысының ауданы анықталды. Тағы екі станция салу үшін құрылыс орындарын анықтау жұмыстары басталды.

Сондай-ақ құрылыс индустриясы да рекордтық өсу қарқынын көрсетіп отыр. 2024 жылы пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 2018 жылмен салыстырғанда 6,4 миллион шаршы метрге немесе 51,4%-ға артып, 19 миллион шаршы метрге жетті. 2019–2024 жылдар аралығында барлығы 97,8 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл қазақстандық ондаған мың отбасыға жылжымайтын мүлік сатып алуға және тұрмыс деңгейін жақсартуға ықпал етті.

Сонымен қатар жолдардың құрылысы мен оларды жөндеу жұмыстары Президенттің тұрақты бақылауында. Соңғы алты жылда республикалық маңызы бар 4,4 мың шақырым автожолдарды, оның ішінде Орталық – Шығыс, Орталық – Оңтүстік, Талдықорған – Өскемен, Ақтөбе – Атырау – Астрахан және басқа да күре жолдарды реконструкциялау аяқталды. 2024 жылы 12 мың шақырым көлік магистралі құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылды, оның 8 мың шақырымы – республикалық, ал қалған 4 мың шақырымы жергілікті жолдарға тиесілі. Бұл – рекордтық көрсеткіш.

Биыл Достық – Мойынты теміржол учаскесінің екінші желісінің құрылысы аяқталады, бұл өткізу қабілетін 12 жұп пойыздан 60 жұп пойызға дейін арттырады. Сондай-ақ Алматы бекетін айналып өтетін теміржол желісі де Алматы торабының жүктемесін 40%-ға жеңілдетеді.

Аталған жобаларды іске асыру Еуропа мен Қытай арасындағы жүк айналымын, сондай-ақ еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Ауыз су тапшылығын шешу

Басым міндеттердің бірі – қазақстандықтарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және сумен жабдықтау жүйесін жаңғырту. Соңғы жылдары ауқымды жұмыс атқарылды: егер 2019 жылы сумен жабдықтау қалаларда 97,2% және ауылдарда 86,4% болса, бүгінде бұл көрсеткіштер тиісінше 99,4% және 97,8%-ға жетті. 6 256 ауылдың ішінен 5 523 ауыл сумен қамтылды. Қалған 833 ауыл осы жылдың соңына дейін таза суға қол жеткізеді. Соның ішінде 238 елді мекенде орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйелері салынады, 595 ауылдық елді мекенде кешенді блок-модульдер орнатылады.

Астанадағы ауызсу тапшылығы мәселелерін шешу үшін Президент тапсырмасы бойынша 2023 жылы қуаттылығы тәулігіне 105 мың м3 болатын №3 сорғы-сүзгі станциясының құрылысы аяқталды. Сондай-ақ Сәтбаев атындағы каналдан су құбырын тарту жұмыстары басталды. Бұл елорданы сумен қамтамасыз ету мәселесін ұзақ мерзімге шешуге мүмкіндік береді.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес

Азаматтардың, әсіресе әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауды күшейтуге басымдық берілуде. Қасым-Жомарт Тоқаев отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу туралы үнемі айтып келеді. Осы саясат шеңберінде отбасындағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдатуға бағытталған, ұрып-соғуды және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіруді қылмыстық жазаға жатқызуды көздейтін заң қабылданды. Ол бұрын тек әкімшілік нормалармен реттеліп келген болатын.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы жақында ғана өскелең ұрпақты қолдау шараларын жүйеге келтіруге және күшейтуге бағытталған "Қазақстан балалары" атты жаңа біртұтас бағдарламаны ұсынды.

Әлеуметтік қолдау шаралары

Соңғы алты жылда ең төменгі жалақы мөлшері кезең-кезеңімен екі есе, яғни 42 500 теңгеден 85 000 теңгеге дейін ұлғайды. Бұл шамамен 2 миллион азаматтың әл-ауқатына оң әсер етті. 600 мыңға жуық педагогтың жалақысы екі есеге артты, үш жыл ішінде дәрігерлердің жалақысы жыл сайын 30%-ға, орта медициналық персоналдың жалақысы 20%-ға көтерілді, әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы 38 мың қызметкердің жалақысы екі есеге ұлғайтылды.

Көпбалалы отбасыларға олардың табысына қарамастан төленетін жәрдемақы енгізілді, бала күтімі бойынша төлемдер бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзартылды. Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін арнайы төлем енгізілді.

2019 жылдан бастап өмір сүру ұзақтығы 73 жастан 75 жасқа дейін ұлғайды. Жалпы өлім-жітім 7,8%-ға, ана өлімі – 26,3%-ға, нәрестелердің шетінеп кету көрсеткіші – 15,8%-ға төмендеді. Бұған профилактиканың тиімділігін арттыру және скринингпен қамту деңгейін кеңейту ықпал етті.

Ғылымды қолдау

Ғылыми кадрларды қолдау да ерекше маңызға ие, әсіресе соңғы алты жылда ғылымдағы жастардың үлесі алты есе өсіп, 46%-ды құрағанын ескерсек, бұл мәселенің өзектілігі арта түскенін байқауға болады. Ол үшін докторантураға бөлінетін білім беру гранттарының саны артып, ғылыми зерттеулер жүргізу мүмкіндіктері кеңейе түсуде.

Ғылыми жетістіктерді нақты экономика секторына енгізу және оларды коммерцияландыру – маңызды бағыттардың бірі. Биыл 2 297 ғылыми жоба мен 299 ғылыми-техникалық бағдарлама жүзеге асырылуда. Жас ғалымдар ғылыми қызметке белсенді түрде тартылып, олардың қатысуымен 1 055 жоба іске асырылып жатыр.

Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға келетін болсақ, бүгінде 208 жоба қолданысқа сәтті енгізілді, 180-нен астам өндіріс сатылым кезеңіне шықты. Коммерцияландыру жобаларының еліміздің экономикасындағы жалпы үлесі 118,7 миллиард теңгені құрады. 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. 25 жоба экспортқа шықты, 6 жобаның сатылым көлемі 1 миллиард теңгеден астам сомаға жетті.

Жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту

Мемлекет басшысы жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу міндетіне басымдық беріп отыр. Бұл экономикалық өсудің жаңа қозғаушы күшіне айналуға тиіс. Қазақстан IT-қызметтер экспортын ұлғайта отырып және осы бағытта елеулі жетістіктерге қол жеткізіп, Орталық Азия елдері арасында сенімді түрде көш бастап келеді.

Бұл сала бойынша еліміздің бәсекелестік артықшылықтары жетерлік. Цифрлық шешімдер түрлі салаларға дендеп еніп, олардың тиімділігі мен жедел дамуын қамтамасыз етті. Балабақшаларда "Отбасының цифрлық картасы", "Әлеуметтік әмиян" және цифрлық ваучерлер белсенді қолданылады, QazaqLaw (заңнамалық база бойынша көмекші), LLM ұлттық тілдік моделі жасалды, "Бизнестің цифрлық картасы" және басқа да жобалар әзірленуде.

Биыл еліміздің жедел цифрлық трансформациясына ықпал ететін Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылады.