Current Date: 17-03-2025

Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы биыл ашылады

Қазақстан IT-қызметтер саласында Орталық Азияда көш бастап тұр.

Астанадағы Qazaqstan Venture Group қоры отандық және Орталық Азия елдерінің жасанды интеллект бағытындағы жобаларына 1 млрд долларға дейін инвестиция салады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің "Ілгерілеуге бастаған алты жыл: Қазақстан орнықты даму жолында" мақаласында осындай дерек айтылады.

Үкімет басшысы келтірген деректерге сүйенсек, Қазақстан IT-қызметтер экспортын ұлғайтып қана қоймай, Орталық Азия елдері арасында сенімді түрде көш бастап тұр.

"Балабақшаларда "Отбасының цифрлық картасы", "Әлеуметтік әмиян" және цифрлық ваучерлер белсенді қолданылады, QazaqLaw (заңнамалық база бойынша көмекші), LLM ұлттық тілдік моделі жасалды, "Бизнестің цифрлық картасы" және басқа да жобалар әзірленуде. Соңғы бес жылда инновациялық өнім көлемі екі еседен астам, 1,1 триллион теңгеден 2,4 триллион теңгеге дейін өсті", — дейді Олжас Бектенов.

Сондай-ақ, ол Президент тапсырмасымен жасанды зейіннің дамуына қолдау көрсету үшін "Астана" халықаралық қаржы орталығының базасында Qazaqstan Venture Group қорларының венчурлық қоры құрылғанын еске салады. Мұндағы қаржыландырудың мақсатты көлемі – 1 миллиард доллар.

"Қор Қазақстан мен Орталық Азияның инновациялық жобаларына басымдық бере отырып инвестиция салады. Биыл еліміздің жедел цифрлық трансформациясына ықпал ететін Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылады", — деп жазады Премьер-министр.

Олжас Бектенов Үкіметтің алдында цифрландыру мен жасанды интеллект, көлік, энергетика, агроөнеркәсіп секторы және адам капиталының даму әлеуетін ұтымды пайдалану міндеті тұрғанын айтады.

"Үкімет жүктелген міндеттерді орындауға бар күш-жігерін салады. Көріп отырғанымыздай, соңғы 6 жыл ішінде атқарылған жұмыс аз емес, бірақ алда бұдан да ауқымды міндеттер тұр", — деп түйіндеген ол мақаласын.