Кейінгі кездері уағыздарындағы сауап пен садақаны ақшамен байланыстыратын имамдардың қатары көбейді.
Халықтың беретін садақасын тағайындап, есептеп беретін материалдық сипаттағы сондай уағыздың тағы бірі қызу талқыға түсуде, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
50 жыл намақ оқымасаң, 18 млн садақа бер
50 жыл бойы намаз оқымаған адамға пәтуә шығарған видеоның нақты қашан және қайда түсірілгені әзірге белгісіз.
Видеодағы имамның айтуынша, өмір бойы намаз оқымаған адамға шариғат бойынша фидия төлеу керек.
”Бір адам қартайған кезінде 1 апта ораза ұстай алмай өмірден өтіп кетті. Сол сияқты бір адам он күн намаз оқи алмады. Ғалымдар сондағы әрбір намаздың бір күндік фидиясын бер дейді. Олай болады. Бұл — шариғатта бар нәрсе. Кейде мен фидия берём деп біреулер келеді. Мынаған бер десең, жаны шығып кетеді. Өйткені, 1500-2000 теңгеден шығып кетеді ғой. Фидияның орнын пітір садақамен жапсақ дейді. Мысалы, пітір садақа 200-250 теңге болса, оның әкесі 50 жыл намаз оқымады. Сонда сол 50 жылдағы әрбір күннің фидиясын есептесің 18 млн 250 мың болады. Сондай фидия беру керек немесе міне әкем 50 жыл намаз оқымаған еді деп бір ұстазға үй әперсін”, — дейді ол.
Желі қолданушылары имамның бұл ойын қатаң сынауда.
”Дінді ақшамен өлшеп жатқан алаяқтар”, “Мынау дін емес, коммерциялық ұйым болды ғой”, “Бір күні мешітке кіруді ақылы ететін шығар”, “Имамсымақтар халықты жынды қылатын болды”, “Коррупция мына жақта болып жатыр ғой”, “Штрафқа ақша таппай жүргенде бұларда неше түрліні шығарды”, — деп жазды олар.
Анықтама: Фидия — ислам дініндегі иман негіздерінің бірі — о дүние, қиямет қайымға сенуге байланысты діни жоралғы. Фидия қайтыс болған адамның балиғатқа толғаннан кейінгі өмірінде жасаған күнәсін ақтау үшін мұқтаж адамдарға ақшалай, заттай не малмен беріледі.
Жәннәттің құны 700 мың
Бұған дейін өзін медиа менеджер ретінде таныстыратын журналист, діни тақырыптарды жиі қозғайтын блогер Жанәділ Райымбек жәннәтті сатып алуға болатынын айтып халықты дүр сілкіндірген еді.
“Жәннәтті сатып алды деген адамдар болады. Үлкен қажылыққа 7 мың доллар беріп, жәннәттық болып келетін адамдар болады. Олар жәннәтті тірі кезінде сатып алғандар. Біліп қойыңыз, 700 мың теңге бересің, жәннәтті сатып алды деген пайғамбарымыз бір сахабаны көрсетіп, анау сахаба жәннәтты сатып алды деген”, — деді ол.