Current Date: 17-03-2025

Астанада бата беруден ақсақалдар арасында сайыс өтеді

Сайыс батаның 7 түрінен ұйымдастырылады.

18 наурыз күні Елордада бата беру дәстүрін жаңғырту, батагөй қарияларымызды көбейту, ұлттық дәстүрімізді насихаттап, сөз қадірін түсінетін ұрпақ тәрбиелеу мақсатында ақсақалдар арасында бата беруден "Ақ бата" сайысы өтеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Наурыз бата, ақ бата, отау бата, балаға бата, жолаушыға бата, ас бата, той бата — Астана қаласынан, және қаланың маңайындағы аудандардан келген ақсақалдар осы 7 бағыт бойынша сынға түседі. Қазылар алқасы жеңімпазды бата беру мәнері, сахналық әдебі, киім киісі, шешендік өнері, дауыс ырғағы, батаның мазмұнына сай бағалау арқылы анықтайды. Әділ қазылардың құрамында белгілі тарихшы, этнограф, ақын-жазушылар болады.

Сайыс мерекелік концертпен сүймелденеді. Концертке танымал әншілер Досымжан Таңатаров, Айгүл Елшібаева, Медет Салықов, Клара Төленбаева, "1465" это тобы қатысады. Сондай-ақ, ақын Мейірбек Сұлтанхан сайысты бақылай отырып, бата беру дәстүрі бойынша арнау айтады. Кеш барысында бата беру дәстүрінің бүгінгі қолданысы, тарихи маңызы жайында бейнесюжеттер көрсетіліп, көрермен арасында интерактив ойындар ойнатылады.

Жеңімпаздар мақтау қағаздары мен ақшалай сыйлыққа ие болады. Шараны жалпы саны 200-ге жуық адам тамашалайды.