Өзбекстанда ет өнімдері бір жылда 14,4 пайызға қымбаттаған .
Елдегі сиыр етінің бағасы жер-жаһандағы 127 мемлекеттің арасында 91-орынға жайғасты, деп жазады inbusiness.kz сайты Rost24 Тelegram арнасына сілтеме жасап.
Numbeo халықаралық сервисінің мәліметінше, Өзбекстанда 7 наурыздағы жағдай бойынша бір келі сиыр етінің бағасы 8,1 АҚШ долларын құраған. Мысалы, Қазақстан, Ресей, Қырғызстан және Тәжікстанда 7 доллардан сәл асады.
Әлемде Швейцария, Исландия, Оңтүстік Корея, Норвегия және Люксембург сиыр еті ең қымбат бес елдің қатарына енеді. Тізімде көш бастап тұрған ел – Швейцарияда бір келі еттің бағасы 44,3 АҚШ доллары саналады. Сондай-ақ, Исландияда – 38,7, Оңтүстік Кореяда – 28, Норвегияда – 26,8 болса, Люксембургте 23,9 АҚШ долларына 1 келі ғана ет аласыз.
Тиісінше, ең арзан ет Кения (4,97), Гана (4,78), Нигерия (4,50), Уганда (12) және Пәкістанда (4,04) сатылып жатыр.
"Өзбекстанда ет өнімдері бір жылда 14,4 пайызға қымбаттады" деген дерек бар. Осы тауардың тұтыну бағасының индексін Статистика агенттігінің мамандары биыл ақпан айында тіркеген. Десе де, ет түрлерін бөлуде жағдай басқаша болып тұр. 2024 жылдың ақпан айымен салыстырғанда сүйекті сиыр еті 18,5%-ға, қой еті 19,4%-ға қымбаттаса, құс еті 0,8%-ға төмендеп отыр.