Ол республиканың барлық өңірінде 31 наурызға дейін жалғасады .
Қазақстанда ауыл оқушыларына арналған дәстүрлі IQanat олимпиадасының ІІ туры басталды, деп хабарлады жобаның баспасөз қызметі.
Олимпиада Қазақстанның барлық өңірінде 15-31 наурыз аралығында өтеді. Оған ауыл мектептерінің 10 мың сегізінші сынып оқушысы қатысып жатыр. Олар – 50 мың бала қатысқан бірінші кезеңнен үздік шыққан балалар.
Биыл олимпиадаға қатысып жатқан оқушылардың 70 пайыздан астамы көпбалалы және толық емес отбасынан шыққандар, ал оқушылардың 17 пайызының ата-анасының тек біреуі ғана жұмыс істейді.
Олимпиаданың ІІ кезеңінде финалға өтетін мың бала іріктеледі. Ақтық сында үздік шыққан 100 бала Бурабайбағы IQanat мектеп-пансионатында тегін оқитын болса, одан кейінгі орындарды иеленген 100 оқушы олимпиададан кейінші үш жылдық қолдау бағдарламасына қатысып, ҰБТ-ға дайындалады, ағылшын тілі мен ІТ дағдыларды меңгереді.
Ұйымдастыру тобының хабарлауынша, биылғы олимпиаданың басты ерекшелігі – Peer-to-Peer жобасы. Оның аясында IQanat мектебінің жоғары сынып оқушылары мен түлектері төменгі сынып оқушыларына тәлімгер болып, олардың мектеп бағдарламасын игеруіне көмектеседі. Қазірдің өзінде 300 тәлімгер бір айдан астам уақыттан бері онлайн сабақ беріп келсе, енді олимпиада уақытында өз өңірлеріне барып, 6 мыңнан астам балаға офлайн сабақ береді.
Оқи отырыңыз: Ауылдық елді мекендерде тұратын үздік 100 оқушы сыйға ноутбук алды