Компания 6 жыл бойы ауаға шикі газ жаққан . Buzachi Operating Ltd мемлекетке келтірген 8,4 млрд теңге шығынды толық өтеді.
Маңғыстау облысының прокуратурасы тексеріс жүргізіп, Buzachi Operating Ltd компаниясының заң бұзғанын анықтаған. Компания алты жыл бойы мұнай мен газ өндіріп, шикі газды рұқсатсыз жаққан. Компания сот шешіміне қарсы шағымданғанымен, апелляциялық сот оны өзгеріссіз қалдырды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Наурыз айында компания мемлекетке барлық шығынды толық өтеген.
"Компания 6 жыл бойы мұнай мен газдың жоғалуымен жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргізген, сондай-ақ уәкілетті органның рұқсатынсыз шикі газды жағуды жүзеге асырған. Прокурорлар қабылдаған шаралар бойынша сот шешімдерімен компанияны жалпы сомасы 8,4 млрд теңгеге залалды өтеуге міндеттеді.
Апелляциялық саты бірінші сатыдағы соттың шешімдерін өзгеріссіз қалдырды. Сот актілері заңды күшіне енді", — делінген прокуратура хабарламасында.