Current Date: 17-03-2025

Түркістан облысында есірткі сатушыдан марихуана тәркіленді

Түркістан облысында есірткі сатушыдан бір келіден астам марихуана тәркіленді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Түркістан облысы полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері "Дәрмек" жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында Жетісай ауданының аумағында есірткі заттарын өткізу фактісін тоқтатты.

Нақтырақ айтсақ, кенттердің бірінде жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер бұрын есірткі сақтағаны үшін сотталған Түркістан облысының тұрғынын ұстады.

Тексеру кезінде күдіктіден құрамында өсімдік тектес есірткі заттары бар 24 орама табылды. Алынған заттың жалпы салмағы 1 келіден астам марихуананы құрады.

Қазіргі уақытта осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Полиция істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жедел-тергеу іс-шараларын жалғастырып жатыр.