Current Date: 17-03-2025

Петропавлдық ғалымдар көлдерді тазартудың тың тәсілін ұсынды

Петропавлдық ғалымдар көлдерді табиғи жолмен тазартып, ауамен байытудың тың тәсілін ұсынды. Олар «хлорелла» деп аталатын балдырларды өсіріп, су айдындарына жібереді. «Бұл судағы тіршілікті сауықтырып, қалың мұздың астындағы балықтардың тұншығып қалмауын қамтамасыз етеді», — дейді мамандар.

Мына көлдегі оттегінің мөлшері литріне 7 миллиграмды көрсетті. Бұл балық үшін өте қолайлы жағдай. Владимир Весновский су айдынына төртінші жыл қатарынан балдыр жібереді. Нәтижесінде көл тазарып, «су маржандары» да қыстан аман шығады, — дейді кәсіпкер.

Владимир Весновский, балық шаруашылығының директоры:

- Ең бастысы, балдырлар көлді жақсы тазартады. Өйткені айналамызға егін егіліп, химиялық заттар себіледі. Жаңбырдан кейін улы заттар суға түседі. Сондықтан бұл әдістің пайдасы өте зор.

«Хлорелла» деп аталатын балдырлар суды биологиялық жолмен тазартады. Өзендегі тіршілікті қалпына келтіріп, қыстыгүні балықтарды қажетті оттегімен қамтамасыз етеді.

Петропавлдағы ғылыми-техникалық орталық жылына 600 тоннадан астам жасуша шығарылады.

Александр Рейбандт, «Су ғылыми-технологиялық орталығы» ЖШС директоры:

- Хлорелла – енді жетіліп келе жатқан жасыл жасуша. Бұл балықтың дәміне де оң әсерін тигізеді. Балдырлар зиянды заттармен қоректеніп, судың жағымсыз иісін кетіреді.

Ғалымдардың айтуынша, көлдің бір гектар аумағына 3-4 литр балдырлы су жетеді. Әзірге бұл әдіс еліміздегі 140 көлде қолданылған.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков