Семейде бір ғимаратта 3 театрдың ұжымы сығылысып отыр. Бұл өнер адамдарының шығармашылық тұрғыдан дамуына кедергі. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында аймақтық театрлардың жай-күйіне алаңдаушылық білдіріп еді. Сонымен Семейде жаңа мәдениет ошағы қашан салынады?
Амангелді Бахтинов 2022 жылдан бері Абай атындағы музыкалық-драма театрының директоры қызметін атқарады. Айтуынша, шығармашылық ұжым сапалы қойылым әзірлеу үшін тыңғылықты дайындық керек. Бірақ оған сахнаның тарлығы мен уақыттың аздығы – қолбайлау.
Амангелді Бахтинов, Абай атындағы қазақ музыкалық драма театрының директоры:
- Біз толыққанды жұмыс жасай алмай отырмыз. Себебі уақытымыз жетпейді. Түнгі 3-4 ке дейін репетициялар өтеді. Қойылымдардың сапасын арттыру үшін сахнаның жетіспеушілігі өте қиынға соғады.
Бүгінде Абай театрының ғимаратында музыкалық драма театр, «Дариға-ай» жастар театры мен орыс драма театрының ұжымы сығылысып отыр. Барлығы 250-ге жуық адам жұмыс істейді. Мәселені шешу үшін жаңа Конгресс Холл салу жоспарланған. Бұл бастаманы өнерсүйер қауым да құптап отыр.
Абай театрында сахналанған әрбір қойылымды тамашалау үшін тұрақты көрермен билеттерді екі-үш апта бұрын сатып алады.
Толқын Берікбекова, облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары:
- Әр театрдың өзінің қалыптасқан көрермендері, келушілері бар. Өзінің спектакльдері, аудиториясы бар тыңдайтын. Сондықтан труппа деуге келмейді. Толыққанды дербес үш театр ретінде қызмет етіп отыр халыққа.
Бүгінде Конгресс Холлдың жобалық-сметалық құжатын дайындау үшін келісімшарт жасалған. Жаңа мәдениет нысаны Семей қаласының «Заря» ауданында бой көтермек.
Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов