Current Date: 18-03-2025

Оңтүстік Кореяның мәдениетіне еліктейтін жастар көп

Ұлттық киім әр елдің бет-бейнесін әрі-беріден соң арғы тарихын әйгілеп тұрады. Әр елдің өз киім үлгісі бар. Тіпті қазір әлем елдері ұлттық дәстүрді туризмді дамытудың тетігі ретінде пайдаланады. Бұл орайда жапондар, корейлер озып тұр. Бұл елдерге жыл сайын миллиондаған турист барады. Олардың дені бұл жақта ұлттық киімдерге қызығады екен.

Жұрт жапонның кимоносына қызығады

Жапондықтар жаһан жұртын тек сакурасымен емес, ұлттық киімімен де тәнті етіп келеді. Гүлдеген шие ағашының ортасында кимономен суретке түсуді қаламайтын шетелдік кемде-кем. Осы көріністі тамашалау үшін жыл сайын ағылатын турист көп. Олардың саны былтыр дәл осы айда 3 миллионнан асқан. Бұл өткен жылмен салыстарғанда 70%-ке көп. Сөйтіп, кимоно нарығының бөлшек саудадағы құны 224 миллиард иенге жеткен. Кей шетелдіктердің айтуына қарағанда кимононы киiп, еркiн адымдау мүмкiн емес. Десе де жұрт терең тарихы мен ерекше сән үлгісіне қызығады. Мәселен, кимоноға қарап адамның тегiн, әлеуметтiк деңгейiн ажыратуға болады. Ер адамның кимоносы көк түстi. Иығы мен кеудесіне ру таңбасы бедерленеді. Ал әйелдер жыл мезгiлiне қарай сакура гүлi, теңiз толқыны бейнеленген кимоно киедi. Онда бейнеленетiн ою-өрнектiң де өз атауы бар. Әрқайсысы өсімдік атауларына байланысты қойылған. Тіпті бұл елде кимоно киюдi үйрететiн мектептер бар. Онда ұлттық киім киюдің әдебін егде жастағы мамандар үйретедi.

«Көбіне Италия, Франция, АҚШ-тан келген туристер тарапынан сұраныс жоғары. Олардың сұрағанының өзі қызық. Анимедегідей образ қажет деп сұрайды. Сондай-ақ жақындарына базарлық ретінде де сатып алады. Өйткені қазір кимононың қабат-қабат емес, үйге киюге болатын жеңіл заманауи түрлері де сатылады», — Акари Секи, Noel кимоно дүкенінің иесі.

Оңтүстік Кореяда ұлттық киім киген турист тарихи орындарды тегін аралайды

Оңтүстік Кореяның мәдениетіне еліктейтін жастар көп. Замануи тілмен айтсақ, арамызда «дорама» көретін, K-pop-тың нағыз тыңдармандары өсіп келеді. Тарихи сериалдарының әсері сол, ханбок киюді армандайтындар аз емес. Ханбок корей халқының ұлттық киімі ғана емес, елдің мәдениетін, пәлсапасын, эстетикасын және өзіндік ерекшелігін көрсетеді. 100 мың жылдық тарихы бар, өз елінің дәстүрін дәріптейтін корейліктер ұлттық киімімен мақтанады. Әрі оны өзге елдерге таныту үшін туристерге де жағдай жасап қойған. Мәселен, Сеулдегі ең танымал тарихи Кёнбоккун сарайына ханбок киіп келген шетелдіктерге кіру тегін. Тіпті тегін ағылшын тілінде экскурсия да ұйымдастырып береді.

Индонезиялық бортсеріктер ұлттық киім киеді

Ұлттық киімін тек мереке күндері емес, қызметте де киетін елдер бар. Malaysia мен Singapore Airlines ұшағымен ұшып көрсеңіз, назарыңыз бірден бортсеріктерінің киіміне түсетіні сөзсіз. Бұл Кебая атты ұлттық киім. Әдетте оны Малайзия, Сингапур, Таиланд, Камбоджа және Филиппинің оңтүстігіндегі адамдар күнделікті тұрмыста да жиі киіп жүреді. Индонезиялықтар өзінің ұлттық киімін ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне қосқысы келеді. Сол себепті халықаралық рейс кезінде көптің назарын аудармақ мақсатында ұлттық киімді қызметтік формаға айналдырған.