Current Date: 18-03-2025

Қарыз бен парыз

Сауал :

– Қайтыс болған адамның қарызын кім төлейді?

Жауап:

– Егер адам қайтыс болса, оның қарызы жойылмайды. Қазақ­стан Республикасының заң­да­рына сәйкес, марқұмның мін­деттемелері белгілі бір шарттарда мұра­гер­леріне немесе кепілгерлеріне өтеді. Бұл мәселе көбіне марқұмның артында қалған мүлікке байланысты шешіледі.

Сонда қарыз мұра­герлерге қалай өтеді? Азаматтық кодекстің (АК) 1040-бабына сәйкес, мұрагерге тек мар­құмның мүлкі ғана емес, оның кейбір міндеттемелері де өтеді. Яғни қайтыс болған адамның атында мүлік (пәтер, көлік, жер телімі, банк шоттарында­ғы ақша, зейнетақы жи­на­ғы, құнды қағаздар, т.б.) қал­са,­ сол мүліктің құны ше­гін­де оның қарызы да мұ­ра­гер­лерге міндеттеледі. Егер мар­­­­құмның ешқандай мүлкі бол­маса, онда оның қарызы жо­йылады. Мұрагерлер өз қалтасынан төлеуге міндетті емес. Мысалы, бір адам 5 млн теңге қарыз алып, оның артында 3 млн теңге тұратын көлік қалса, мұрагерлер бұл пәтерді мұра ретінде қабылдаған жағдайда, олар 3 млн теңге көлеміндегі қарызды өтеуі керек. Қалған 2 млн теңге қарыз жойылады. Егер 5 млн теңге қарыз алып, бірақ ешқандай мүлкі қалмаса, бұл қарыз автоматты түрде жо­йылады, яғни мұрагерлерге өтпейді.

Егер мұрагер мұраны қабылдамаса, оған марқұмның қарызы да өтпейді. Сонымен қатар мұрагерлер қарызды өз ақшасынан төлеуге міндетті емес. Олар тек мұрадан қалған мүліктің құны ше­гінде ғана жауап береді. Екіншіден, банк кепілгерден талап ете алады. Егер марқұм несие аларда біреуді кепілгер ретінде көрсеткен болса, банк қарызды сол адамнан өндіріп ала алады. Үшіншіден, банк кепіл берушіден талап ете алады. Егер марқұм несие алу кезінде кепілге жылжымайтын мүлік немесе басқа да құнды заттарын қойған болса, банк сол мүлікті сатып, қарызды өтеуі мүмкін.

Мысалы, біреу автокөлік сатып алу үшін несие рәсімдеп, інісін кепілгер ретінде көрсетті делік. Егер несие алған адам қайтыс болса, банк інісінен қарызды өтеуді талап ете алады, себебі ол кепілгер ретінде несие шарты бойынша жауапкершілік алған. Егер ол адам несие аларда кепілге өз үйін қойған болса, банк бұл үйді сатып, қарызды жабуы мүмкін.

Қайтыс болған адам­ның несиесі кешіріле ме? Қарыз тек бір жағдайда ғана толықтай жойылады – егер марқұмның артында ешқандай мүлкі және мұрагерлері болмаса. Банктер несиені кешірмейді, бірақ талап ете алатын ешкім болмаса (яғни мұрагерлер мұраны қабылдамаса, кепілгерлер немесе кепіл берушілер болмаса), онда қарыз сот арқылы өндірілмейді және жойылады. Ал марқұмның отбасы несиені сақтандыру арқылы рәсімдеген болса, онда сақтандыру компаниясы қарызды өтейді.

Мұрагер қарызбен бірге мүлікті қабылдағысы келсе нотариус арқылы мұ­раны қабылдауы керек. Егер мұрагер мүлікті де, қарызды да алғысы келмесе, ол мұрадан бас тарта алады. Бұл үшін нотариусқа барып, арнайы өтініш жазу қажет.

Сұрақ қойған –

Елігімай ТӨҢКЕР,

«Egemen Qazaqstan»