2023 және 2024 жылдары 510 мың орындық 422 мектеп салынған болатын .
2025 жылдың соңына дейін 460 мың орындық 217 мектеп пайдалануға беріледі, деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігі.
Министрліктің мәліметінше, 2024 жылдың өзінде жаңа форматтағы 105 мектеп есігін айқара ашты. Бұл мектептердің 40% ауылдық жерлерде орналасқан. 2025 жылдың соңына дейін тағы 112 жайлы мектептің құрылысын аяқтау жоспарлануда.
Сондай-ақ, жемқорлардан тәркіленген қаржы құйылатын Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаржыландыруымен 100 мың оқушы орнына арналған 89 мектептің құрылысы қолға алынды. Оның 74,4 мың орындық 61 мектебінде бүгінде балалар білім алуда.
Сонымен қатар, аудан орталықтары мен ауылдарда 1000 мектепті модернизациялау жеті бағыт бойынша жалғасуда. Соңғы үш жылда 4 мыңнан астам мектептің материалдық-техникалық базасы жаңартылды, 2 мыңнан астам мектепке STEM, физика, биология, химия, ротоботехника заманауи кабинеттері орнатылды.
"Мемлекетпен қабылданған теңдессіз шаралар мектептерде бала тығыздығы мен үшауысымды айтарлықтай шешуге мүмкіндік берді. Бүгінде 3 мыңға жуық мектеп бір ауысымда, ал 4,9 мектеп екі ауысымда жұмыс жасауда. 2025 жылы тағы 300 мың орындық 200 мектептің салынуы жоспарлануда", – деді Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы.
Келесі қадамдардың бірі мектеп инфрақұрылымдарын бірыңғай форматқа келтіру болмақ. Ол үшін 1300-ге жуық мектеп реновациядан өтеді. Оның ішінде 900 ауыл мектебі бар. Бұл жоба үш жылға жоспарланған және тоғыз басты бағыт бойынша жүзеге асырылады. Мектептердің шатырлары ауыстырылады, сыртқы қасбеттері мен терезелері жаңартылады, инженерлік коммуникация желілері күрделі жөндеуден өтеді. Сондай-ақ, мектеп аумағы абаттандырылып, көгалдандырылады.
Оқи отырыңыз: "Балабақшалар айыппұлды несие алып төлеуге мәжбүр". Көшербаев депутаттарға жауап берді