Қазақстанда креативті индустрияны дамыту қоры құрылады. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Үкімет отырысында хабарлады.
Жаңа институт таланттарды анықтауға, шығармашылық инфрақұрылымды дамытуға және отандық жобаларды шетелге ілгерілетуге қолдау көрсетпек. Қор еліміздің жетекші шығармашылық және білім беру ұйымдарымен бірлесіп жұмыс істейді.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
- Еліміздегі Креативті индустрияларды дамыту қорының бюджеті ұлттық лотерея операторы қызметінен бөлінетін 3% аударым есебінен қалыптастырылады. Қор қызметінің маңызды бағыттарының бірі – креативті индустриядағы венчурлық инвестицияларды дамыту. Осыған байланысты АХҚО базасында басқарушы компаниялардың пулын тарта отырып, жедел және қайтарымды негізде ақшалай қаражатты тиімді орналастыруға мүмкіндік беретін венчурлық бөлімше құрылады.
Елде креативті индустрияның 12 орталығы ашылды
Сондай-ақ министр елде 12 шығармашылық хаб ашылғанын мәлімдеді. Бұл орталықтар өңірлерде креативті индустрияны дамыту бойынша негізгі инфрақұрылымға айналуы тиіс. Хабтарды дамыту құзыреті жергілікті атқарушы органдарға жүктелген. Ақмола, Алматы, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Жетісу облыстарында жұмыс жалғасып жатыр.