Никита Бояркин 9-25 мамыр аралығында Швеция мен Данияда өтетін 2025 жылғы хоккейден әлем чемпионатына қатыса алмайды.
Астананың "Барыс" клубы мен Қазақстан құрамасының қақпашысы Никита Бояркин жарақатына байланысты алты ай жарыстарға қатыса алмайды. Бұл туралы ойыншының агенті Шуми Бабаев мәлімдеді.
"Никита Бояркинге Мюнхенде сәтті ота жасалды. Ол ақпан айының соңында "Ладамен" өткен матчта жарақат алған болатын. Бояркин алдағы алты айды қалпына келуге арнайды. Сондықтан Қазақстан құрамасы сапында әлем чемпионатына қатыса алмайды", – деп мәлімдеді Бабаев.
Айта кетейік. 2025 жылғы хоккейден әлем чемпионаты 9-25 мамыр аралығында Швеция мен Данияда өтеді. Турнир Стокгольмдегі (Швеция) сыйымдылығы 13 850 көрерменге арналған – Avicii Arena және Хернингендегі (Дания) сыйымдылығы 12 000 көрерменге арналған Jyske Bank Boxen аренасында ұйымдастырылмақ. Жартылай финал мен финал Стокгольмде өтеді.
Турнирге 16 құрама қатысады. Олар екі топқа бөлінген:
A тобы (Стокгольм): Аустрия, Канада, Финляндия, Франция, Латвия, Словакия, Словения, Швеция.
B тобы (Хернинг): Чехия, Дания, Германия, Венгрия, Қазақстан, Норвегия, Швейцария, АҚШ
Швеция ел тарихында әлем чемпионатын 12-ші рет қабылдағалы отыр. Соңғы рет бұл ел 2013 жылы Финляндиямен бірге турнир өткізген.
Дания өз тарихында екінші рет әлем чемпионатын қабылдайды. Алғаш рет бұл елде турнир 2018 жылы өткен. Ал, Ресей және Беларусь құрамалары IIHF-тың 2024 жылғы 13 ақпандағы шешімі бойынша турнирге қатыспайды.