ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, деректермен алмасу су тасқыны кезеңі аяқталғанға дейін жалғасады.
Жыл басынан бері су тасқыны кезеңіндегі өзара іс-қимыл жөніндегі Қазақстан-Ресей бірлескен жұмыс тобының екі отырысы өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Кездесуде тараптар су қоймаларының белгіленген және жоспарланған жұмыс режимдері туралы дерек алмасты. Сондай-ақ су қоймаларына су ағыны және трансшекаралық өзендердегі күтілетін су деңгейі бойынша болжамдармен бөлісті.
"Қазіргі уақытта Қазақстанның өзендері мен су қоймаларындағы су деңгейіне тұрақты бақылау жүргізілуде, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Су қоймаларында тасқын суды қабылдау және қауіпсіз өткізу үшін бос сыйымдылықтар қамтамасыз етіледі. Ресей Федерациясының аумағы арқылы өтетін Ертіс пен Жайықты қоса алғанда 240 шақырым өзен арнасы тазартылды", - деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаров.