Трамп-Путин келіссөздері бірнеше сағаттан кейін басталады.
АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі Қырымды Ресейдің жері деп мойындау мәселесін қарастырып жатыр. Мұны Semafor жаңалықтар сайтына сілтеме жасап "Рейтер" агенттігі хабарлады. Оның дерегінше, Трамп мұндай қадамға Украинадағы соғысты тоқтату туралы келісім аясында баруы мүмкін.
Semafor осы мәселемен таныс екі адамның сөздеріне сүйеніп хабарлағандай, Құрама Штаттардың ресми өкілдері Біріккен Ұлттар Ұйымына да Қырымды Ресейдікі деп тану туралы ұсыныс жасамақ.
Дегенмен, Semafor-дың өзге бір ақпаратына қарағанда, Ақ үй бұл проблемаға қатысты ресми түсініктеме беруден бас тартқан. Ал Трамп Қырымға қатысты ресми шешім қабылдай қойған жоқ әзірге.
Айта кетсек, Трамп ресейлік әріптесі Владимир Путинмен сейсенбі күні сөйлеседі. Сол келіссөздер барысында Құрама Штаттар лидері Путинді Украинамен арадағы атысты тоқтатуға және тұрақты бейбітшілікке көндіруге әрекеттенуі мүмкін.
Кремльдің хабарлауынша, Трамп-Путин келіссөздері наурздың 18-де Лондон уақытымен 15:00-де (Астана уақытымен 19:00) басталады.
"Бейбіт келісімнің соңғы нұсқасының көп элементтері келісілді, көбі әзірге мақұлданған жоқ. Әр апта сайын тараптар 2500 жауынгер жоғалтады, Мұның бәрі ҚАЗІР тоқтауы керек. Мен Путинмен болатын телефон әңгімесін тағатсыздана күтіп отырмын", — дейді Трамп әлеуметтік желіде жариялаған жазбасында.
Айта кетсек, бұған дейін Трамп келіссөздер үшін Ресейге қарағанда Украинаны қиын деп есептеді. Бірақ Киев АҚШ-тың 30-күндік ымыра жайлы ұсынысын бірінші болып қабылдағаны белгілі.
Ресей Қырымды 2014 жылы аннексиялады. Әлем елдерінің көбі оны әлі күнге дейін Украинаның ажырамас бөлігі санайды. Киев Қара теңіздегі түбекті дәл қазір күшпен қайтару мүмкін еместігін мойындаса да, оны бәрібір қайтарғысы келетінін мәлімдеп келеді.
Кремль болса, Ресейдің әскери флоты орналасқан және көбінесе орыстілділер мекендейтін Қырымды Ресейдің ресми бөлігі санайды және Мәскеу бұл мәселе "мәңгіге" жабылды деп біледі.