Current Date: 18-03-2025

“Шешіп беремін“. Университет қызметкері студенттерді грантқа ауыстырамын деп алдаған

Астанада студенттер мен олардың ата-аналарын алдап, грантқа ауыстыру жөнінде уәде беріп, ақшаларын иемденген бұрынғы ЖОО қызметкері сотталды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жай

Түлектерді жұмыспен қамтуға жәрдемдесу секторында жұмыс істеген бұрынғы қызметкер студенттер мен олардың ата-аналарын академиялық үлгерім, грантқа ауыстыру және стипендияны қайтару мәселелерін "шешіп" бере алатынына сендірген.

"2023-2024 жылдар аралығында ол алаяқтық жолмен 3 млн теңгеден аса қаржыны иемденгені анықталды. Оның әрекетінен 15 адам зардап шеккен", — деп жазылған хабарламада.

Сот үкімі

Мемлекеттік айыптаушы оның кінәсін толық дәлелдеді.

Жәбірленушілерге келтірілген шығын өтелді. Күдікті кінәсін мойындап, залалды өтеген, оның кәмелетке толмаған балалары болуы ескеріліп, сот 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасын кесті, тағайындалған мерзімге пробациялық бақылау белгіленді.

Үкім заңды күшіне енді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз