Current Date: 18-03-2025

Екеуміз де арбаға таңылдық - Нұрлан мен Мұрат

Қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Нұрлан мен Мұрат жылдар бойы халықтың сүйікті дуэті болып келеді. Осыдан 20-25 жыл бұрын өнер әлемінде танымал болған әншілер жақында "Таңшолпан" бағдарламасына сұхбат беріп, өмірлеріндегі қиындықтар мен тыңдармандардың ыстық ықыласы жайлы сыр бөлісті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сұхбат барысында жүргізуші олардың денсаулығы туралы сұрап, қазіргі жағдайларын білгісі келген. Бұл сұраққа Нұрлан шынайы жауап берді.

Құдайға шүкір, қазір бәрі жақсы. Бірақ Мұрат екеуіміздің арамызда ерекше бір байланыс бар сияқты. Мен ауырсам, міндетті түрде бір-екі жылдан кейін Мұрат та ауырып қалады. Маған қайғы түссе, көп ұзамай Мұрат та сондай жағдайды бастан кешіреді. Неге екенін білмеймін. Менің анам дүниеден озды, бір-екі жылдан кейін Мұраттың анасы да өмірден өтті. Мен ауырғанда үш жыл бойы арбада отырдым, ал Мұрат жақында ғана арбадан шықты. Осындай сәйкестіктер жиі болып тұрады. Сондықтан Мұрат маған үнемі: ‘Нұреке, абайлап жүрші’ деп әзілдейді, – деп бөлісті Нұрлан.

Өз кезегінде Мұрат тыңдармандардың жаңа әндерден гөрі бұрынғы хиттерін көбірек сұрайтынын атап өтті. Бұл олардың шығармашылығының халық жадында терең сақталғанының дәлелі. Әншілер үшін ең үлкен марапат – өз әндері арқылы халықтың жүрегінде мәңгі қалу.