Current Date: 18-03-2025

«Қаладан ауылға»: БҚО-да 104 отбасы ауылға қоныс аударды

Бәйтерек ауданына қарасты Сұлукөл ауылы Орал қаласынан 100 шақырым қашықтықта орналасқан, деп хабарлайды 24kz.

Шекараға тиіп тұр. Топырағы түгін тартса майы шығатындай құнарлы. Бірақ кезінде дүркіреген ауылдың бүгінде басынан бағы тайып, халық саны азайып кетті. Бала толмағасын, ауылдағы орта мектепті сақтап қалу да қиындады. Сол себепті де былтыр өңірде «Қаладан ауылға» бағдарламасы қолға алынғанда ең бірінші боп 4 жанұяны осы ауылға көшіріп әкелді.

Айсара Минуллина, Сұлукөл ауылының тұрғыны:

- 3-4 жыл бұрын үй кезегіне тұрдым. 3 балам бар. Әлеуметтік осал топ қатарындамын. Қазіргі таңда жаңа үйде тұрып жатырмыз. Үй керемет, жылы. Кітапханаға жұмысқа кірдім. Алдағы уақытта мал ұстағымыз келеді, құс. Осылай жастарды ауылға шақырамыз. Өйткені қалада көп мүмкіндіктер бола бермейді, жұмыс та табыла бермейді.

Бағдарлама бойынша келгендерге үй беріледі, жұмыспен қамтамасыз етіледі. Тіпті ауылдастары алдына мал салып та береді. Мәселен, Оралдан қоныс аударған Бағдат Насыров қазір 5 бас ірі қара ұстап отыр. Жергілікті серіктестіктердің біріне жұмысқа орналасқан.

Бағдат Насыров, Сұлукөл ауылының тұрғыны:

- Үйдің жағдайы мен жұмыс жоқтығы ғой ауылға келгеніміз. Келгелі жаңа баспана көріп тұрсыздар, жұмыс тұрақты. Көңілден шығатындай. Әлеуметтік көмек қой беріп жатқаны. Сол жағдаймен келіп қалып жатырмыз. Басты көмек үй мен осы мал. Мына ауылда қосымша табыс болсын деп алып беріп жатыр. Баршасына рахмет!

Өз баспанасы жоқ көпбалалы отбасылар «Қаладан ауылға» бағдарламасына қатыса алады. Сонымен қатар жоба бойынша шекаралас ауылдардың инфрақұрылымын жақсартуға да баса көңіл бөлінеді. Мәселен Сұлукөл ауылына былтыр асфальт жол салған. «Шалғай ауылдардың өзекті мәселелерін кешенді шешпей, ішкі көші-қондағы оң сальдоға қол жеткізу қиын», — дейді мамандар.

Бибігүл Қонысбаева, БҚО Стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы:

- Былтыр 120 отбасы көшіп келуі керек еді. Бірақ көшіп келген 104 отбасы. 104 отбасыдан 519 адам. Соның ішінде 326 бала мектеп жасындағы бар. Мектепке дейінгі де бар. 104 отбасыдан 80 отбасы тұрақты үймен қамтамасыз етілді, 20-ы уақытша. Көшіп келген адам саны ішінен 119 жұмыспен қамтылды. Былтыр енді 57 елді мекен бекітілген болса, биыл сол аудандар ұсынысына сай тізімді кеңейтіп жатырмыз. Тағы да осы жақын арада шешім қабылданады. 95 елді мекенге дейін тағы көтереміз.

Жақсыны көрмекке. Жуырда барлық облыстың мәслихат төрағалары Орал өңіріне келіп, бағдарлама барысымен танысты, тәжірибе алмасты. Шекаралас елді мекендерді сақтап қалудағы тәлім алар тұстарды көкейге түйіп қайтты.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б.Жарылғасов, Э.Аюпов